«Құрмет» орденінің иегері, профессор-ғалым Ақселеу Сейдімбекке арнап орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемориалдық тақта Алаштың айбынды азаматы өмірінің соңғы жылдары тұрып, ақтық сапарға аттанған Күмісбеков көшесіндегі 6-шы үйге орнатылды.
Шараға ҚР Парламенті мен Астана қалалық мәслихатының депутаттары, елорда басшылығы, Қазақстанның өнер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ А.Сейдімбектің өмірдегі достары, әріптестері және туған-туыстары қатысты.
«Ақселеусіз қырық күн өтті. Ақаң қай бағытқа ізін салса да, өзінің ерекшелігімен, ұтқыр ойларымен, биік парасаттылығымен айрықша көзге түсетін. Жан-жақты, қарымды қаламгер болатын. Оның сонау жылдары жазылған әңгіме, повестерінен бастап, әдебиет, мәдениет, өнер, тарих туралы терең зерттеулері, халықтың тағдырына қатысты әлеуметтік-қоғамдық мәселелер төңірегінде жазған публицистикалық толғаулары, әсіресе, соңғы жазған «Қазақтың ауызша тарихы» атты көлемді монографиясы - ұлттық санаға игі ықпалын тигізетін, қазақтың руханиятына қосылған алтын қазына деп айта аламыз. Ақселеу сондай-ақ сырбаз күйші болатын. Ал оның шығарған әндері халыққа кеңінен тарап, ең ірі сахналарда орындалып жүргенін жақсы білеміз», деді өз сөзінде А.Сейдімбектің өмірдегі үзеңгілес досы Төлен Әбдік.
Ескерткіш тақтаны салтанатты түрде белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әкім Тарази, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғара және асыл азаматтың перзенті Ернар Сейдімбек ашты.