Белгілі күйші Мұқаш Таңғытұлы дүниеден озды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі күйші, Іле, Алтай, Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі, Шығыстың шертпе-төкпе күйлерін жалғастырушы, күй зерттеушісі Мұқаш Таңғытұлы 2022 жылы 12 тамыз күні науқас себебінен Алматыда қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі күйші Мұқаш Таңғытұлы 1962 жылы 15 желтоқсанда ҚХР-дың Шынжаң өлкесі, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 2003 жылы атамекенге қоныс аударған.

Тәуелсіз Қазақ еліне келгеннен бері Шығыстың шертпе-төкпе күйлерінің халық қазынасына қосылуына көп еңбек сіңірді. Аталған күйшілік мектеп туралы бірнеше зерттеу кітабының авторы, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері, Халықаралық күйшілер одағының мүшесі, «Шығыс шертпесі» ансамбльінің негізін қалаушы.