Белгілі ресейлік маман Радислав Гандапас Оралда дәріс берді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін көшбасшылық бойынша белгілі ресейлік маман Радислав Гандапас Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында прокуратура, әкімдік, мемлекеттік органдар, коммерциялық емес және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері үшін семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыс прокуроры мен өңір басшысының бастамасымен, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қолдауымен ұйымдастырылған шара барысында 6 кітаптың, 11 фильмнің авторы Р.Гандапас көшбасшы болудың қыр-сыры, шешендік өнер, өзін-өзі дамыту мәселелері жөнінде әңгімелеп, кеңес берді. Сегіз сағатқа созылған семинарға 300-ден астам адам қатысып, өз сауалдарына жауап алды. 

Айта кетейік, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен БҚО арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік жөніндегі меморандумға сәйкес биыл Оралда алғаш рет жергілікті полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған бірінші курс ұйымдастырылған болатын. Аталмыш шара - соның жалғасы.