«Заң жобасы адам құқықтары саласында барлық халықаралық пактілерге, Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы еуропалық конвенцияға, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді. Себебі заң жобасындағы барлық шектеулер Конституцияның 39-бабында көрсетілген. Бұл өз кезегінде салада қызмет етіп жүрген заңгерлерге түсінікті. Атап айтқанда, ұлттық қауіпсіздікке ерекше екпін қойылып тұрғанын білеміз. Яғни, бұл бағыттағы қадамдар не үшін керек екенін біз түсінеміз. Себебі қауіпсіздік бағытындағы шаралардың барлығы халықаралық лаңкестіктің, лаңкестік актілердің алдын алуға тікелей байланысты», - деді сарапшы.
М. Башимов балаларды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау өте маңызды екенін қадап айтты. Осы орайда ол барлық дамыған елдерде де қауіпсіздік тұрғысында тиісті шектеулер бар екенін еске салып өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда деструктивті діни ағымдардың ерекше белгілерін қалың бұқараға насихаттап, көрсетуге тыйым салынады.
«Деструктивті діни ағымдар» және «діни радикализм» атты жаңа түсініктер енгізіледі. Оларды енгізу дін саласында деструктивті қызметті айқындауға әрі оған баға беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұсынылып отырған құжатта деструктивті діни ағымдардың атрибуттарын және сыртқы белгілерін пайдалануға әрі жалпы түрде жариялауға тыйым салу қарастырылған», - деп нақтылады Нұрлан Ермекбаев заң жобасын таныстыру кезінде.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы таныстырылды. Осы орайда құжатта алғаш рет «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сияқты ұғымдардың заңды анықтамасы енгізіліп отыр.