Белгілі сазгер Жалғас Кеңесов Астанаға ән шашуын арнады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Жалғас Кеңесов Астанаға ән шашуын арнады. Елорда мерекесі күндері Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Жалғас Кеңесовтің «Астана - әсем ән қала» атты шығармашылық кеші өтті.

Айта кету керек, Жалғас Кеңесов - Астанаға арнап 10-ға жуық ән жазған композитор. Соның ішінде елорда тұрғындары алдында «Астанаға арнау», «Махаббатым - Астана», «Нұрлы Астана», «Ән шашуым - Астана», «Астана» атты әндері шырқалды.

Кеш сыр-сұхбат түрінде өтті. Сазгер көрермендер сұрағына орай «Ән ерекше сезімнен туатыны анық. Астанаға қоныс аударғаныма алты жылдай болды. Астананың күн сайын өзгеріп жатқаны, құлпыра түскені, әрбір жетістігі біздерге, әсіресе, өнер адамдарына ой салады. Елордаға арнаған әндерім осындай ішкі сезімдерімнен туды»,- деді. Айталық, белгілі әнші Досымжан Таңатаров композитордың «Астана» әнін өнер кешіне жиналғандарға тарту етті.

Сонымен қатар осы кеште Нұрлан Өнербаевтың орындауында көрермен қауымға кең танылып кеткен «Қайран, дүние» әнін жас әнші Жұлдызбек Өтешқалиев тыңдармандар назарына ұсынды. Бұл әннің шығу тарихы туралы автор өзі әңгімелеп берді. Маңғыстауда қызмет жасап жүрген кезінде, сырқаттанып жүріп, осы әнді жазғанын, оны Нұрлан Өнербаевқа беріп жібергенін, бір-екі аптадан соң, белгілі әнші бұл туындыны алғаш рет теледидарда орындап, халыққа жеткізгегін айтты. «Қайран, дүние» әнінің сөзін де, сазын да өзі жазған.

Сондай-ақ ақын Зәкария Сисенғалиевтің сөзіне жазылған «Сен мен үшін жаралдың» әнін «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Рахима Нұртайқызы шырқап, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Жастарға тәрбие беру туралы ой қозғаған композитор: «Өнер жолында жүргеніме 30 жылдай болды. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында мәдениет саласында қызмет істедім. Әр облыста да шәкірттер тәрбиелеуге мән бердім. Ұстаз болған соң, шәкірт тәрбиелеу - міндетіміз. Қазір Астана қаласында да өнер жолына баулып жүрген жас шәкірттерім бар»,- деді.

Осы кеште кеш авторының бірнеше шәкірті өнер көрсетті. Соның бірі - елордалық бүлдіршін әнші Гауһар Баялиева «Домбыра» әнін орындады.

Сонымен бірге ән кешінде Зарина Мақашова, Мұрат Қоңырбай, Байғали Момбеков, Ауғанбай Төлеубай, Диана Май сияқты әншілер композитордың әндерін орындады.