Шолпан Қайыртайқызының есімі ұлттық ақпарат кеңістігінде кеңінен танымал. Ол Ленинградтағы театр және кино институтын тәмәмдап, алғашқы қызмет жолын 1963 жылы Ақмола облыстық телерадиокомпаниясында бастады. Сол уақыттан бастап ол өз өмірін телевидениемен байланыстырды. 1965 жылы республикалық «Қазақстан» телеарнасына ауысып, онда «Құрдастар» жастар редакциясында, әдеби-драма, музыка редакцияларында режиссерлық қызмет атқарды. Ол көп адамның қатысуымен үлкен хабарларды эфирге тура шығарды, Жапония, Үндістан елдерімен ұйымдастырылған телекөпірлерге, әр түрлі фестивальдерге қатысып, өз қолтаңбасын қалдырды. 1990 жылдары елімізге танымал болған "Наурыз", "Сұхбат", «Шұғыла», «Айтыс» хабарларын дайындады. Кәсіби шеберлігі жоғары Шолпан Баймолдина арнаның бас режиссеры болып, отандық телевизияның дамуына үлкен үлес қосты. Оның жасаған фильмдері мен хабарлары «Қазақстан», «Хабар», мәскеулік «1 арна» ТРК алтын қорларында сақтаулы. Кейінгі жылдары ол ҚР Президентінің телерадиокешенінде еңбек етіп, Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде жастарға дәріс оқыды.
Қазақ телевидениесінің ардагері Шолпан Қайыртайқызымен қоштасу маусымның 9-ы күні, сағат 10-да республикалық Қазақстан телеарнасы ғимаратында болады.