ОРАЛ. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласындағы «Ағартушы» баспасынан белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, марқұм Мұқадес Есламғалиұлының «Дүбірлі дала» атты кітабы жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл - «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» сериясымен басылған екінші жинақ. М.Есламғалиұлының бұл кітабына әр жылдары жазылған шығармалары таңдалып алынған. «Зерлі тон», «Көкжиектің ар жағында» атты повестері көркемдігімен баураса, «Ит атушы», «Жұмбақ жан» әңгімелері тақырыбының сонылығымен, ой тереңдігімен ерекшеленеді.
Таяуда аталмыш сериямен өмірден ерте кеткен талантты ақын Сағат Әбдуғалиевтің, оралдық қаламгер Алексей Святыниннің шығармалары басылмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).