Бельгия есірткі саудасымен күресу үшін әскер жұмылдыруды қарастырып отыр

Фото: trans.info/ru

АСТАНА. KAZINFORM – Бельгияның Қауіпсіздік және ішкі істер министрі Бернард Квентин Брюссель көшелерінде есірткі тасымалының күшеюімен күресу үшін әскер жұмылдыру мүмкіндігін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Бұл жоспар жүзеге асуға жақын, деп жазды еуропалық БАҚ. 

— Әскер аумақтың тұтастығын қорғауы керек. Әдетте сарбаздар мұны біздің шекарада немесе олардан тыс жерлерде жасайды. Бірақ есірткі қылмысына қарсы күрес те біздің аумақты қорғаудың бір бөлігі, — деп мәлімдеді Б.Квентин. 

Бельгия астанасы есірткіге байланысты атыс толқынына тап болды. Өткен айда Брюссель прокуроры Жюльен Муаниль зорлық-зомбылықтың күшеюін айыптап, биылғы жылы 57 атысты санады, оның 20-сы жазда болған.

Б.Квентин De Standaard газетіне жаңа жоспарға сәйкес сарбаздар полициямен бірге патрульдік қызмет атқарып, аралас топтарда әрекет ететінін баяндады. Олардың операциялары метро станциялары мен Брюссельдің оңтүстік-батысындағы Андерлехт коммунасындағы Петербос сияқты белгілі бір аудандардың айналасында шоғырланатын болады. 

Сарбаздарды орналастыру туралы саяси шешім қазірдің өзінде қабылданды, бірақ оның егжей-тегжейлерін әлі келісу керек, деді Квентин. Ол шешімнің тезірек орындалуын талап етіп отыр.

Бельгияның қорғаныс министрі Тео Франкен сенбіде әскерлерді көшелерге жіберудің заңнамалық базасы дайын екенін және жоба жақын арада Министрлер кеңесіне жіберілетінін растады. 

— Біздің астанамыз Брюссель — қауіпсіздік апаты. Біз бақылауды қайтаруымыз керек, — деп жазды Франкен.

Кентеннің ұсынысы — кеңірек «ірі қалалар» жоспарының бөлігі, оған басқа шаралармен қатар бейнебақылауды арттыру кіріп отыр. Брюссель аймағынан басқа жоспар Антверпен, Гент, Льеж, Шарлеруа және Монс қалаларын да қамтиды.

Биліктің Брюссельдегі есірткі қылмысымен күресу әрекеттері елдің бас қаласындағы ұзаққа созылған саяси дәрменсіздігіне байланысты болды, өйткені Брюссель аймағы 2024 жылғы маусымдағы сайлаудан кейін үкіметті осы уақытқа дейін құра алмады.

Бұған дейін Қазақстан құрамасымен өткен ойын жайлы бельгиялық футболшылар пікір білдіргенін жазған болатынбыз.