Кездесу Еуропалық одақ, Қара теңіз аймағы, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы өңіраралық өзара байланыс жөніндегі екінші министрлік кездесуден кейін өтті.
Бельгия министрі өзінің мәлімдемесінде бұл екі ел өкілдерінің алғашқы кездесуі болғанын атап өтті. Тараптар биыл қазанда Король Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларына, сондай-ақ екі елдің сыртқы істер ведомстволары арасында 2027–2029 жылдарға арналған ынтымақтастық жол картасының жақында қабылдануына сүйене отырып, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
— Бельгия ортақ мақсаттарымызды нақты нәтижеге айналдыру үшін Қазақстанның сенімді серіктесі болуға дайын, — деді Максим Прево.
Ол ынтымақтастықтың болашағы зор бірнеше бағытын атап өтті. Соның бірі — аса маңызды шикізат саласы. Бұл бағытта Қазақстанның табиғи ресурстық әлеуеті Бельгияның шикізатты өңдеу және қайта өңдеу тәжірибесімен ұштасады.
Сондай-ақ министр стратегиялық маңызы бар Транскаспий халықаралық көлік бағытына (Орта дәліз) ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыт бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, жеткізу тізбегін әртараптандыруға жол береді.
Министрлер 2027 жылы атап өтілетін екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына дайындық мәселесін де талқылады. Максим Прево келесі жылы Қазақстанға және тұтастай Орталық Азия өңіріне сапарлап, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 2027–2029 жылдарға арналған жол картасы саяси диалогты жандандыруды, тұрақты консультациялар өткізуді, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуды және бірлескен бастамаларды ілгерілетуді көздейді.
Қазан айында корольдік жұптың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде тараптар аса маңызды шикізат, көлік және логистика мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ бірқатар коммерциялық және ғылыми-білім беру келісімдеріне қол қойылды.
Мұхтар Тілеуберді Брюссельге жұмыс сапары аясында Еуропаның бірқатар елінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, бельгиялық бизнес өкілдерімен де келіссөз жүргізді. Атап айтқанда, Sarens Group, Ahlers Logistics және басқа компаниялармен логистикаға инвестиция салу және Орта дәлізді цифрландыру мәселелері талқыланды.