Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға сапары Брюссельде талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Brussels Press Club алаңында Бельгиялықтар Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының қорытындылары, сондай-ақ Қазақстан мен Бельгия және Еуропа одағы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған брифинг өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бельгиядағы меншікті тілшісі.

Фото: Арнұр Рахымбеков/Kazinform

Жиынды Buscardini Communications компаниясы Қазақстан Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды. Брифинг Республика күні қарсаңында өтіп, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толуына орай өткізілді.

Брифингте сапар қорытындысы, уағдаластықтарды іске асыру және Еуропа одағының Орталық Азиямен байланысындағы Қазақстанның рөлі талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесі қаралды.

Брюссель баспасөз клубының президенті Антониу Бускардинидің Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісіне айтуынша, жиын Бельгиялықтар Королінің сапарын Бельгия мен Еуропа одағында кеңінен талқылау мақсатында ұйымдастырылған.

– Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынасқа басымдық беріп, Еуропа одағымен ынтымақтастыққа да назар аударғымыз келеді. Бүгін Еуропа одағы Кеңесі төрағасы Антониу Коштаның кеңсесінен келген спикер Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы ынтымақтастыққа жан-жақты шолу жасады, – деді Антониу Бускардини.

Бұған дейін ЕО көшбасшылары Брюссельде маңызды мәселелерді талқылағанын хабарлаған болатынбыз.