Бельгия құрамасының бас бапкері матчқа қатысты өз уәжін айтты

Фото: Sports24.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия ұлттық құрамасының бас бапкері Руди Гарсия Қазақстан командасымен өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчының нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Аталған ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Бапкердің айтуынша, оның командасы ойлағаннан әлдеқайда күшті қарсылыққа тап болған.

Гарсияның сөзінше, Бельгия Астанаға алдын ала ойластырылған тактикамен келген.

— Біз матчқа мұқият дайындалдық және ойында қолданатын нақты жоспарымыз болды. Екінші таймда біздің тактикалық ойларымыздың бір бөлігін байқауға болатын еді. Бірақ Қазақстан қақпашысы керемет ойнады, жеке алғыс айтуға тұрарлық, — деді маман.

Гарсия ойынның өте тартысты өткенін және матч барысында командасына әрекеттерін қайта-қайта түзетуге тура келгенін атап өтті.

Іріктеу нәтижесінде Қазақстан 8 ұпай жинап, J тобында төртінші орын алды.