Бельгияда кибершабуылдан Delhaize желісінің шамамен 40, Carrefour желісінің 15-ке жуық және Colruyt тобына кіретін Spar желісінің бес дүкеніндегі салқындату жүйелері істен шықты. Ақау Фландрия мен Валлония өңірлеріндегі дүкендерде де тіркелген. Осындай жағдай Люксембургтегі бірнеше Delhaize дүкенінде, Швецияның ICA және Coop желілерінде, Ирландиядағы SuperValu дүкендерінде, сондай-ақ Нидерланд, Эстония және Финляндияда анықталды. Жалпы, кибершабуыл Еуропаның кемінде жеті еліндегі супермаркеттерге әсер еткен.
Delhaize желісінің жүйелеріне қызмет көрсететін компанияға шабуыл жасаған хакерлер тоңазытқыш қондырғыларының буландырғыштарын қашықтан еріту режиміне ауыстырған. Осыдан кейін тоңазытқыш ішіндегі температура күрт көтеріліп, кейбір жағдайда 15 градусқа, ал жекелеген деректер бойынша 50 градусқа және одан да жоғары деңгейге жеткен.
Кибершабуылдан кейін салқындату жүйесі істен шығып, жаңа және мұздатылған өнімдердің едәуір бөлігі сатуға жарамсыз болып қалған. Мәселен, Лимбург провинциясындағы Хупертинген қаласындағы Proxy Delhaize дүкендерінің бірінде шығын кемінде 60 мың еуроға бағаланса, тағы бір дүкенде бұл сома 100 мың еуроға жеткен.
Delhaize компаниясы болған жағдайды бірнеше ондаған дүкеннің салқындату жүйесіне әсер еткен «IT-инцидент» деп атады. Желі өкілдерінің хабарлауынша, компания ақау шыққан қондырғыларды бірден интернеттен ажыратып, өнім қорын сақтау үшін, соның ішінде жылжымалы тоңазытқыш камераларын пайдалану арқылы тиісті шаралар қабылдаған. Сондай-ақ дүкендердің жұмысын тоқтатпауға күш салған.
— Дүкендердің қалыпты жұмысын сақтап, сатып алушылардың әдеттегідей сауда жасауына мүмкіндік беру үшін бірден қажетті шараларды қабылдадық. Зардап шеккен сауда орындарында жаңа және мұздатылған өнімдердің түр-түрі уақытша шектелгенімен, тарату орталықтары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жеткізілімге кедергі жоқ, — деді желі өкілі.
Бұл шабуыл қазан айының ортасында Франциядағы жүздеген супермаркетке жасалған кибершабуылға ұқсайды. Ол кезде Intermarché, Carrefour және басқа да сауда желілерінің 700-ге дейін дүкені зардап шеккен. Қаскөйлер сол жолы да тоңазытқыш жабдықтарының контроллерлеріне (соның ішінде Danfoss құрылғыларына) қашықтан ықпал еткен.
Осыған байланысты Бельгияның Федералдық прокуратурасы қылмыстық тергеу бастады. Елдің Киберқауіпсіздік орталығы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Әзірге шабуыл жасағандардың кім екені анықталған жоқ.
3 қарашадағы жағдай бойынша, Delhaize желісінің зардап шеккен дүкендері қалыпты жұмыс істеп тұр. Қазір билік пен сауда желісі келген шығынды есептеп, интернетке қосылған салқындату жүйелерінің қорғанысын күшейтіп жатыр.
Бұған дейін Францияда супермаркеттерге кибершабуыл жасалып, миллиондаған еуроның азық-түлігі бүлінгенін хабарлаған едік.