Бельгия темекі өнімдерін дүкен сөрелеріне қоюға тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM — Сейсенбі күні Бельгияда күшіне енген жаңа заң дүкен сөрелеріне темекі немесе кез келген темекі өнімін қоюға тыйым салды, деп хабарлайды Еuronews.
Ал ауданы 400 шаршы метрден асатын супермаркеттер мен басқа да дүкендерге енді оларды сатуға мүлдем тыйым салынған.
Темекі шегуді толығымен жою жоспарының бөлігі болған шаралар темекі және тәуелділік тудыратын басқа да өнімдердің дүкен сөресінде көрініп тұруын шектеуге арналған.
Бельгияның денсаулық сақтау министрі Франк Ванденбрюктің басшылығымен 1 қаңтарда бір реттік электронды темекіге тыйым салуды қамтитын бағдарлама іске қосылды.
— Біздің мақсатымыз — 2040 жылға қарай ұрпақты түтіннен еркін ету, — деп түсіндірді Вандербрюк.
Ол темекіге толық тыйым салу туралы әңгімені жоққа шығарды.
— Бұдан былай темекіні немесе вейпті дүкен сөресіне, яғни көзге көрінетін жерге қоюға тыйым салынады. Бұл заттарды сатып алуға тыйым салынбайды. Сатып алуға болады, бірақ сатушыдан сұрау керек, — деді ол.
Бөлшек саудагерлерге темекі өнімдерін қоюға байланысты нақты нұсқаулар немесе материалдар ұсынылған жоқ. Әрбір дүкен мәселенің шешімін өзі табуы керек болды — кейбіреулері темекі өнімдерін қолдан жасалған пластикалық пердемен жасырса, тағы басқалары ашылған кезде автоматты түрде жанып тұратын күрделі сөрелерге салды.
Осыған дейін Бельгия астанасында қазақстандық зергердің көрмесі өтіп жатқаны мәлім болды.