Бельгияда қазақ тазысына арналған фотокөрме ұйымдастырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде Қазақстанның ұлттық ит тұқымдарының бірі — тазыға және оның Ұлы дала мәдени мұрасындағы орнына арналған «Tazy. The Grace of the Steppe» атты фотокөрме өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Фото: Арнұр Рахымбеков/Kazinform

Фотокөрменің ашылу рәсіміне Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) атқарушы директоры Ив де Клерк қатысты.

Көрменің 3 қыркүйекте өтуінің өзіндік мәні бар. Осыдан екі жыл бұрын, 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыға алдын ала мойындау мәртебесін беріп, Қазақстанды осы тұқымның шыққан елі ретінде бекітті.

«NOMAD» Ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорының мүшесі Абзал Досыман клубтың жиырма жылдан бері қазақы тазы мен ұлттық аңшылық дәстүрлерді дәріптеп келе жатқанын айтты.

— Біздің басты мақсатымыз — қазақы тазы тұқымның төл болмысын сақтап, дамыту және ұлттық брендке айналдыру. Мемлекет басшысының қолдауымен тазы мен төбетті сақтау және дамыту бойынша нақты шаралар қабылданғаннан кейін, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтуге мүмкіндік туды, — деді ол.

Оның сөзінше, мұндай көрмелер бұған дейін Финляндия, Түркия және Эстония елдерінде ұйымдастырылған. Брюссельдегі шараға Бельгия әкімшілігі мен Халықаралық кинология федерациясының (FCI) атқарушы директорының қатысуы Еуропада тазыға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Фотокөрменің ашылу салтанатында FCI өкілі Ив Де Клерк бұл тұқымның әлемдік кинологиядағы маңызына тоқталды.

— Қазақы тазыға арналған осындай ерекше көрмеге қатысқаныма қуаныштымын. Қазақстан үшін тазы — ата-бабадан келе жатқан көне мирас. Ал Халықаралық кинология қауымдастығы үшін оның қыры мен болмысы кейінгі жылдары ғана кеңінен таныла бастады. Оны бірнеше жылдан бері зерттеп келеміз. 2023-2024 жылдары тазының халықаралық деңгейде мойындалу үдерісіне тікелей қатысқанымды үлкен мәртебе санаймын. Тазы — жүйрік иттер тобын толықтыра алатын бірегей тұқым. Себебі оның аңшылық қабілеті әлі күнге дейін сақталған. Біз оның табиғи ортадағы аңшылық шеберлігіне куә болдық. Бұл қасиет — тазының табиғи болмысының бір бөлігі. Сондықтан оны жоғалтпау керек. Тазы салюки секілді кейбір тұқымдарға ұқсайды. Алайда өзіндік ерекшелігімен дараланады. FCI-дің қазақы тазыны мойындауының себептерінің бірі де — осы бірегейлігі, — деді Ив де Клерк.

Бұған дейін Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) төрешісі қазақы тазыға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтқан еді.

Ақзат Жиеналина