Мұндай үрдіске Бельгия тұрғындарының соңынан қарыз қалатыны, оны жақындары қабылдаудан бас тартатыны себеп болған.
Бельгия нотариалдық федерация дерегінше, 2022 жылы 51 817 азамат нотариус арқылы тегін мұрадан бас тартқан. 2018 жылдан бері бас тартқандар саны 44%-ке өсті. Оған себеп — жақын адамының кредиторларға қарызы көп.
Бельгия азаматы Гэри Леле әкесі қайтыс болғаннан кейін мұрадан бас тарту үшін бірден нотариус іздей бастағанын айтады.
— Біріншіден, маған одан ештеңе керек емес еді, оған қоса оның өмір салтын білгендіктен қарызы бар деген күмәнім болды. Бірақ мұндай әрекетке бармадым. Өкінішке қарай, мұным қателік болыпты. Бірнеше күннен кейін-ақ алғашқы қарыз вексельдері түсе бастады — дейді Г.Леле.
Тағы бір тұрғын Кэролайнның әкесімен қарым-қатынасы жақсы болды, бірақ ол әпкесі екеуі мұрадан бас тартамыз деп шешкен.
— Біз оның қарызы бар екенін, күнделікті ақшаға иелік ету оған қиын екенін білдік. Сол себепті өзімізді қолымыздан келгенше қорғадық. Ол кезде таңдау айқын болды. Мен колледждің жап-жас студентімін, сол себепті қарызды төлейтін мүмкіндігім болған жоқ, — дейді әйел.
Бельгиялық мұрагерлер мүліктен бас тартқаннан кейін кредиторлар олардан қарыз төлеуді талап ете алмайды.
Дегенмен мұрадан бас тартқан адам қайтыс болған жақынының ешбір затын әкете алмайды. Жергілікті нотариустердің сөзінше, мұрадан бас тартқан тұлға ата-анасына тиесілі, оның ішінде отбасылық естеліктердің ешқайсысын ала алмайды.
— Шағын ғана затты, тіпті қарапайым кәдесыйды алудың өзі мұрадан бас тарту шартын бұзады. Содан кейін мемлекет сіз мұраны қабылдадыңыз деп есептейді, — деп толықтырды нотариус.
Өкінішке қарай, кей адамдардың отбасылық үйі, онымен бірге ішіндегі заттың бәрі өзгенің иелігіне кетеді.
Кэролайн үшін әкесінің қазасына осындай сынақ та қосылды:
«Оның үйі болған жоқ. Бірақ мен кейбір естеліктерді, әжеме тиесілі заттарды қайтарғым келер еді. Олардың еш құндылығы жоқ, жәй ғана қонақ бөлмеде тұрғанын көру ұнайтын».
Бельгия заңы бойынша, бас тартқан жағдайда, мұра келесі ұрпаққа, тіпті ол кәмелет жасына толмаған бала болса да өтеді.
— Егер балаңыз болса соттан балаңыз үшін де мұрадан бас тартуды сұрауыңыз қажет болады, әйтпесе мұра, яғни қарыз да оның мойнына жүктеліп кетеді, — деп растады нотариус Сильвен Бавье.
Бельгиялық нотариустар мұрадан бас тартуға үш жағдай себеп болып отыр дейді: елде әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздықтың артуы, азаматтардың бас тарту мүмкіндігі туралы хабардарлығы мен жақындардың бірге тұрмауы, яғни отбасы бұзылған жағдай.
— Бұл адамдар өмір бойы жұмыс істейді, балаларын қалыптастырғысы келеді. Өмірінде қайғылы жағдай, ауру пайда болған кезде байланыс үзіледі. Бай адамдар мұраны жалғастыра алады, ал орта тап пен кедейлердің оған шамасы жетпейді. Бұл — әділетсіздік, — деп қорытындылады сөзін Кэролайн.