Бельгияда жаппай ереуілге байланысты әуежайлар жұмысын тоқтатады

АСТАНА. KAZINFORM – 23 қарашада Бельгия әуежайларындағы барлық тұрақты рейс тоқтатылады. Бұған премьер-министр Барт Де Вевер үкіметінің саясатына қарсы ұйымдастырылған кезекті жалпыұлттық ереуіл себеп болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: skeyes.be

Бельгияның әуе қозғалысын басқару операторы Skeyes мәліметінше, елдегі әуежайлардың диспетчерлері ACV, ABVV және Synova ірі кәсіподақтары ұйымдастырған жалпыұлттық наразылық акциясына қатысады.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін әуе қозғалысының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мүмкін болмайды.

– Осы уақыт аралығында тек шұғыл және ұшу қауіпсіздігі үшін аса маңызды рейстерге қызмет көрсетіледі. Әуе компаниялары жолаушыларды рейстердің тоқтатылғаны, билеттерді қайта брондау немесе қаражатты қайтару мүмкіндіктері туралы өздері хабардар етуге міндетті, – делінген ақпаратта.

Ереуілдің ең үлкен әсері Брюссельдегі Завентем әуежайына тиеді деп күтіледі. Әуежай 429 рейс арқылы шамамен 59 500-60 000 жолаушыға қызмет көрсетуді жоспарлаған.

Оның ішінде 213 рейспен 28 мыңға жуық жолаушы ұшып шығуы, ал 216 рейспен 31,5 мың адам келуі тиіс болған. Аталған рейстердің басым бөлігі тоқтатылды.

Елдегі екінші ірі әуежай – Шарлеруа (Brussels South) 23 қарашада жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім сағат 07:00-ге дейінгі және 21:00-ден кейінгі рейстерге де қатысты.

Жолаушыларға әуе компаниясынан рейстің мәртебесі туралы нақты растау алмайынша әуежайға келмеу ұсынылды.

Авиация саласының бірлестіктері бұл шешімді шамадан тыс шара деп бағалап, ескертудің кеш, яғни сенбі күні ғана жасалғанын сынға алды.

Ереуіл қоғамдық көлік қозғалысына да әсер етеді. De Lijn операторының автобустары мен трамвайларының шамамен 40%-ы бағыттарға шықпайды. Брюссельдегі MIVB қоғамдық көлік жүйесінде де елеулі іркілістер күтіледі.

Ал алдын ала мәлімет бойынша, NMBS теміржол компаниясының пойыздары қалыпты кесте бойынша қатынайды.

Бельгия кәсіподақтары қазіргі үкімет құрылғаннан бері кемінде 11-ші ірі наразылық акциясын ұйымдастырып отыр.

Наразылыққа қатысушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де Брюссельдің Солтүстік вокзалы маңына жиналады. Шеру сағат 11:00 шамасында басталып, Оңтүстік вокзалға қарай бағытталады.

Айта кетейік, биыл 12 мамырда Брюссельде үкіметтің әлеуметтік-экономикалық реформаларына қарсы жалпыұлттық наразылық шеруі өткен еді. Оған 40 мыңнан 70 мыңға дейін адам қатысып, Шарлеруа әуежайы барлық рейсті тоқтатқан болатын.