Оқиға бейсенбі күні Лимбург провинциясындағы Хехтель-Эксель муниципалитетінде болды.
Бельгияның төтенше жағдайлар қызметі мен нидерландылық БАҚ-тың хабарлауынша, десантшылардың бір бөлігі қатты желдің салдарынан қону аймағынан ауытқып, ағаштардың арасында қалып қойған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар ағаштарға ілініп қалған бес парашютшіні түсірді. Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери қызметшілердің бірі арқасынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылған, тағы төртеуі жеңіл жарақат алған.
Кейбір деректерде зардап шеккендердің арасында АҚШ пен Германия әскери қызметшілері бар екені айтылды.
Нидерландтың жетекшілігімен өтіп жатқан Falcon Leap оқу-жаттығуларына НАТО-ның 11 елінен 250-ге жуық десантшы қатысып жатыр.
Бельгия биыл оқу-жаттығуға тікелей қатысқан жоқ, алайда десантшыларды түсіру үшін өз аумағын ұсынды. Альянстың әскери маневрлері 7-18 қыркүйек аралығында өтті.
Бұған дейін Анкарадағы НАТО саммиті аясында халықаралық пікірталастар өткені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина