Бельгиядағы ірі кибершабуыл жөнінде жаңа деректер белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияның Фламанд аймағында орын алған ірі кибершабуылдың ауқымы бастапқы болжамдардан әлдеқайда кең екені анықталды. 120-дан астам муниципалитетте тұрғындардың деректері қолды болуы мүмкін еді. Бұл туралы Anadolu хабарлайды.

Фото: Kazinform/ИИ

Басылымның мәліметінше, бұл туралы Secutec киберқауіпсіздік компаниясының бас директоры Герт Баудевейнс мәлімдеген. Бұған дейін мамандар шабуылдан 86 муниципалитет зардап шеккенін хабарлаған болатын.

Оның айтуынша, бастапқы бағалау ең алдымен тексеруге мүмкіндік болған деректерге негізделген. Қазір Secutec мамандары Бельгияның Киберқауіпсіздік орталығымен (CCB) бірлесіп, ұрланған ақпараттың күрделі деректер жиынтығын зерттеп жатыр.

– Енді әрбір қалтаны жеке-жеке тексеруге тура келеді. Муниципалитеттердің атауларын тек 100 пайыз сенімді болған кезде ғана жариялаймыз, - деді Баудевейнс.

Кибершабуылдың нақты ауқымы алдағы бірнеше күнде белгілі болуы тиіс. Осыдан кейін Бельгияның Киберқауіпсіздік орталығы зардап шеккен муниципалитеттерге ресми түрде хабарлайды. Қоғамдық VRT телерадиокомпаниясының мәліметінше, тиісті хабарламалар 1 желтоқсанда жіберілуі мүмкін.

1,2 миллионға жуық адамның жеке деректері ұрланған

25 қарашада Secutec және SOCRadar компаниялары Фламанд аймағындағы 82 муниципалитеттің шамамен 1,2 миллион тұрғынының жеке деректері жаппай таралып кеткенін хабарлады. Мамандардың мәліметінше, шабуыл жасау кезінде қаскөйлер жасанды интеллектіні пайдаланған.

Хакер муниципалитеттердің ақпараттық жүйелеріне емес, қызмет көрсетуші компанияның жеткілікті деңгейде қорғалмаған серверіне қол жеткізген. Бұл серверде қалдықтарды қайта өңдеу орталықтарына қатысты деректер мен құпиясөздер сақталған.

Ұрланған ақпараттардың қатарында азаматтардың аты-жөні, мекенжайы, туған күні, ұлттық тіркеу нөмірлері, жеке куәлік нөмірлері, IBAN банк шоттарының деректері, сондай-ақ кейбір автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар.

Кейін шабуылдан зардап шеккен муниципалитеттер саны 86-ға дейін өсті. Secutec және SOCRadar компаниялары азаматтарды хабардар ету кезінде толық емес әрі бір-біріне қайшы ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында олардың тізімін жариялады.

Айта кетейік, бұған дейін Бельгия прокуратурасы кибершабуылға байланысты қылмыстық іс қозғағанын жазғанбыз.