Шетелдік басылымдар Қазақстанды көлік дәліздерін дамыту, стратегиялық маңызы бар минералдарға қол жеткізу, инвестиция тарту және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту тұрғысынан Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырып отыр. Жарияланымдарда, әсіресе Орта дәліздің әлеуетіне, еуропалық бизнес үшін ашылатын мүмкіндіктерге және шикізат саудасынан бірлескен өндірістік әрі технологиялық жобаларға көшу перспективасына ерекше назар аударылған.
Paris Match: «Қазақстанға мемлекеттік сапар: корольдік жұпты Астанадағы Президент резиденциясында ерекше құрметпен қарсы алды»
Бельгиялық Paris Match журналы Король Филипп пен Патшайым Матильданы Ақордада ресми қарсы алу рәсімін егжей-тегжейлі сипаттады.
Басылымның жазуынша, салтанатты рәсім барысында екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, Президенттік гвардия сарайдың салтанат залында корольдік жұп пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрмет көрсетті. Ақорда ғимаратының үстінен Қазақстан мен Бельгияның мемлекеттік туларын алып ұшқан тікұшақтар өтті.
Жарияланымда ресми қарсы алу рәсіміне қатысқан екі елдің өкілдері де атап өтілген.
EU Reporter: «Қазақстан мен Бельгия серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басады»
Еуропалық EU Reporter басылымы Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенконың екіжақты ынтымақтастықтың келешегіне арналған мақаласын жариялады.
Автордың пікірінше, Король Филипп пен Патшайым Матильданың мемлекеттік сапары ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дипломатиялық және іскерлік байланыстарды жаңа нақты келісімдермен толықтыруға мүмкіндік береді.
Мақалада Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ірі еуропалық елдердің бірі екені атап өтілген. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде Орта дәлізді дамыту, логистика, ауыл шаруашылығы, стратегиялық маңызы бар минералдар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салалары аталған.
Азия мен Еуропаны Қазақстан, Каспий теңізі және Оңтүстік Кавказ арқылы байланыстыратын көлік бағытына ерекше назар аударылған. Автордың пайымдауынша, бұл бағытты дамыту үшін порт инфрақұрылымы, теміржол тасымалы, жүк өңдеу және логистикалық қызмет көрсету салаларында үйлесімді шешімдер қабылдау қажет.
Мақалада стратегиялық маңызы бар шикізат саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті де кеңінен қарастырылған. Еуропа өнеркәсібі үшін жеткізілім көздерін әртараптандыру маңызды болса, Қазақстан технология тартуға, шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүдделі.
Бұдан бөлек, университеттер арасындағы байланыстар, бірлескен ғылыми зерттеулер, медициналық технологиялар және мәдени алмасулар перспективалы бағыттар ретінде көрсетілген.
Атап айтқанда, автор бельгиялық университеттердің сапар аясындағы академиялық бағдарламаға қатысуына және жоспарланған мәдени іс-шараларға назар аударған.
Мақаласының соңында Роман Василенко сапардың нәтижелілігі тек қол жеткізілген келісімдермен емес, олардың іс жүзінде орындалуымен, бірлескен жобалардың іске қосылуымен, ғылыми байланыстардың дамуымен және іскерлік ынтымақтастықтың нығаюымен бағаланатынын атап өткен.
The Brussels Times: «Корольдік жұп Қазақстанға мемлекеттік сапармен аттанды»
Бельгиялық The Brussels Times басылымы Король Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға сапары Бельгия монархының Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екенін атап өтті.
Басылымның жазуынша, сапар екі ел арасындағы экономикалық, академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Астанада корольдік жұп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізді. Бұдан кейін сапар бағдарламасы Алматыда жалғасады.
The Brussels Times мәліметінше, Бельгия делегациясының құрамына үкімет өкілдері, шамамен 25 компания басшысы және академиялық қауымдастықтың 11 өкілі кірген. Олардың арасында жеті университет ректоры бар.
Басылым Король Филипптің таққа отырғанға дейін Қазақстанға үш рет келгенін де еске салды.
Атап айтқанда, 2002 және 2009 жылдары ол бельгиялық ғарышкер Франк Де Винненің Халықаралық ғарыш станциясына ұшуына байланысты Байқоңырға келген. Ал 2010 жылы Қазақстанға барған экономикалық миссияны басқарған.
Мақалада Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік бағыты саналатын Орта дәлізді дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар логистика мен ауыл шаруашылығы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде аталған.
RTL info: «Филипп пен Матильданың Қазақстанға сапары: Бельгияның Орталық Азияға алғашқы мемлекеттік сапары қалай өтеді?»
Бельгияның француз тіліндегі RTL info басылымы да корольдік жұптың Қазақстанға сапарының тарихи маңызын атап өтті.
Жарияланымда Король Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға экономикалық, университетаралық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған делегациямен бірге келгені айтылған.
RTL info сапардың негізгі іс-шараларының бірі ретінде Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын атап көрсетеді. Онда логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланған.
Басылым сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызына тоқталған. Оның бағалауынша, халықаралық сауда байланыстарындағы өзгерістер аясында бұл бағыттың стратегиялық рөлі артып келеді.
Belga News Agency: «Бельгиялықтар Королі мемлекеттік сапар барысында Қазақстанмен тығыз байланыстарды атап өтті»
Бельгияның ұлттық ақпарат агенттігі Belga News Agency Король Филипптің екі ел арасындағы тарихи байланыстар, экономикалық серіктестік және Қазақстанның халықаралық көлік жүйесіндегі рөлі туралы мәлімдемелеріне назар аударды.
Жарияланымда монархтың Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастардың отыз жылдан астам уақыт бойы дамып келе жатқанын атап өткені жазылған.
Сонымен қатар ол Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы 2020 жылы күшіне енген Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді еске салған.
Агенттіктің мәліметінше, Король Филипп Қазақстандағы цифрландыру мен жасанды интеллект салаларының дамуын жоғары бағалап, елдің Еуропа мен Азияны байланыстыратын мемлекет ретіндегі геосаяси маңызын атап өткен.
– Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда көлемі он жылға жетпейтін уақыт ішінде үш есеге жуық өсті. Егер 2016 жылы бұл көрсеткіш 220 млн еуро болса, 2025 жылы 765 млн еуроға жетті, – деген Король Филипптің сөзі келтірілген жарияланымда.
The Nation: «Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Астанаға келеді: бағдарламада 14 іс-шара бар»
Пәкістанның The Nation басылымы Бельгия корольдік жұбының Қазақстанға сапар бағдарламасына тоқталды.
Басылым Астана мен Алматыда мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің және академиялық қауымдастықтың қатысуымен өтетін іс-шаралар туралы жазған.
Жарияланымда сапар аясында жалпы 14 іс-шара жоспарланғаны айтылған.
The Nation университеттер мен бизнес өкілдерінің сапар бағдарламасына қатысуын ерекше атап өткен. Басылым мұны екі елдің экономика, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысымен байланыстырады.
Benin Web TV: «Қазақстан: бельгиялық корольдік жұпты Астанада салтанатты түрде қарсы алды»
Африкалық Benin Web TV басылымы Король Филипп пен Патшайым Матильданы Астанадағы Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімін жариялады.
Материалда сапардың экономикалық құрамдас бөлігіне де жеке тоқталған.
Атап айтқанда, 13 қазанға жоспарланған Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің отырысы, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қамтылған.
Сонымен қатар басылым екі елдің экономикалық, академиялық, мәдени және ғылыми байланыстарын кеңейту жоспарларына назар аударған.
The Astana Times: «Бельгия корольдік жұбының Қазақстанға сапары дипломатиядан бөлек неге маңызды?»
Ағылшын тілінде шығатын The Astana Times басылымы корольдік жұптың сапарын Қазақстанның экономикалық серіктестерін әртараптандыру, еуропалық технологиялар мен инвестициялар тарту және халықаралық сауда мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан қарастырған.
Бұл мақала The Astana Times басылымына сілтеме жасала отырып, EUalive платформасында да жарияланған.
Материалда Бельгиямен ынтымақтастық дәстүрлі саудамен ғана шектелмей, өнеркәсіптік өңдеу, көлік инфрақұрылымы, стратегиялық маңызы бар минералдар, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларын қамтуы мүмкін екені айтылған.
Жарияланымда келтірілген мәліметтерге сәйкес, Қазақстанның Бельгияға экспорты 311,5 млн долларға, ал Бельгиядан импорт көлемі 270,9 млн долларға жеткен.
Басылым екі ел арасындағы тауар айналымының құрылымына да талдау жасаған.
Атап айтқанда, Бельгиядан Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың едәуір бөлігін фармацевтикалық және химиялық өнімдер, машиналар мен жабдықтар құрайды.
Ал Қазақстан Бельгияға өсімдік шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде зығыр тұқымын, минералды шикізат пен металдарды экспорттайды.
Мақалада келтірілген деректер бойынша, 2005-2025 жылдар аралығында Бельгиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 14 млрд доллардан асқан. Оның ішінде 2025 жылы 1,045 млрд доллар инвестиция құйылған.
Басылым сондай-ақ екіжақты инвестициялық ынтымақтастықтың келешегіне тоқталған.
Мақалада пікір білдірген Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Әлішер Әбдірешев инвестиция, көлік, логистика, өнеркәсіп және технология салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өткен.
Оның бағалауынша, Бельгия Қазақстан үшін өнеркәсіпті дамыту және Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы маңызды серіктес бола алады.
Жарияланымда стратегиялық маңызы бар минералдар мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Атап айтқанда, Қазақстанда Еуропалық одақ аса маңызды деп санайтын шикізаттың 34 түрінің 21-і бар екені көрсетілген.
Сарапшының пікірінше, бельгиялық компаниялармен ынтымақтастық металдарды өңдеуді дамытуға, өнеркәсіптік құрамдас бөлшектер шығаруға және тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.
Басылым Қазақстан мен Бельгия арасындағы серіктестіктің болашағы тек шикізат жеткізумен шектелмей, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға негізделуі тиіс деген тұжырымға келген.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгиялықтар Королі Филипп Қазақстан Республикасы мен Бельгия Корольдігінің бірлескен мәлімдемесін қабылдады. Құжатта жасанды интеллект, стратегиялық маңызы бар минералдар, көлік және білім беру салаларындағы ынтымақтастық бағыттары айқындалды.