Бельгияның Қорғаныс министрі міндетті әскери қызметті қайтаруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияның Қорғаныс министрі Тео Франкен елдегі студенттердің жалғасып жатқан наразылықтары аясында міндетті әскери қызметті қайта енгізуді ұсынып, TikTok-қа тыйым салуға шақырды, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Анадолы

Ол бұл мәлімдемесін әлеуметтік желідегі жазбасында студенттердің наразылықтарына қатысты пікір білдіре отырып жасаған.

— Жастар мектептерді қиратып, мұғалімдер мен полиция қызметкерлерін ұрып жатыр. Меніңше, міндетті әскери қызметті қайта енгізуіміз керек. Әр адам қоғам игілігі үшін еңбек етуді үйренуі тиіс. Бұл тек әскери саламен шектелмей, денсаулық сақтау немесе білім беру сияқты салаларды да қамтуы керек, — деді Франкен.

Министр TikTok әлеуметтік платформасына қатысты да пікір білдіріп, оны «қасірет» деп атап, тыйым салуға шақырды.

Франкеннің айтуынша, TikTok Қытай барлау қызметінің бақылауында және «миды аздыратын» әлемдегі ең ірі психологиялық операция болып саналады.

— Мақсат — Батыс қоғамымызды тұрақсыздандыру, жастарымызды ақымақ әрі ауру ету, — деді министр.

Франкен балаларды тәрбиелеудегі негізгі жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін де атап өтті.

Бұған дейін Францияда болған студенттер наразылығы Бельгияның бірқатар қаласында да басталды. Оқушылар оқу жағдайына, үнемдеу шараларына және Валлония — Брюссель Федерациясы үкіметі жүргізіп жатқан білім беру саласындағы реформаларға қарсы шықты.

Оқиғаларға байланысты муниципалдық және тәуелсіз білім беру желілеріне қарайтын кейбір орта білім беру мекемелері жабылды.

Наразылыққа қатысушылар сыныптардағы оқушы санын азайтуды, мұғалімдер санын жеткілікті деңгейге жеткізуді, шешім қабылдау процесіне оқушылар мен ата-аналардың қатысуын кеңейтуді және білім беруді баршаға қолжетімді етуді талап етіп отыр.

Айта кетейік, 1 қазанда француз мектеп оқушыларының жаппай наразылығы Бельгияға да тараған болатын. Бельгияның шығысында орналасқан, француз тілінде сөйлейтін халық тұратын Льеж қаласы мен оның маңында жүздеген оқушы оқу орындарының кіреберістерін бөгеді. Кей жерлерде наразылық кезінде өрт қою және ғимараттарды бүлдіру фактілері тіркелді.