Бельгияның тоқыма фабрикасындағы өрт: ТЖ жоспары жарияланып, тұрғындар эвакуацияланды

АСТАНА.KAZINFORM - Бельгияның Тюбиз қаласындағы (Валлон Брабант провинциясы) тоқыма фабрикасының қоймасынан үлкен өрт шықты. Билік түтіннен улану қаупіне байланысты жергілікті төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы тілшісі.

Фото: pexels

Өрт түс кезінде Rue de la Filature көшесіндегі 1000 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан қоймада басталды. Жалын лезде өндірістік ғимаратты шарпыды.

Қалың қара түтін жүздеген метрге көтеріліп, ондаған шақырым қашықтықта көрінді.

Ескі ғимараттың құрылымында асбест болуы мүмкін болғандықтан және қойма ішінде ацетилен баллондары орналасқандықтан жағдай күрделене түсті. Сондықтан Тюбиз мэрі Самюэль Д'Орацио төтенше жағдай жоспарын іске қосты.

— Ең басты басымдық адамдардың қауіпсіздігі. Жақын маңдағы ғимараттардың тұрғындары шұғыл түрде эвакуацияланды. Халле қаласын қоса алғанда, көршілес елді мекендердің тұрғындарына үйлерінде қалуға және терезелері мен есіктерін тығыз жабуға кеңес беріледі, -деп мәлімдеді жергілікті әкімшілік.

Өртті сөндіру жұмыстарына елдің бірнеше аймағынан өрт сөндірушілер, сондай-ақ азаматтық қорғаныс бөлімшелері қатысты.

Алдын ала мәлімет бойынша, тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ, бірақ үш өрт сөндіруші өртпен күресу кезінде ыстықтан зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.

Кешке қарай құтқарушылар өртті бақылауға алды. Билік өкілдерінің айтуынша, өртті толығымен сөндіру және орнын тазарту жұмыстары түні бойы жалғасады және бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Бұған дейін АҚШ-тың Флорида штатындағы табиғи өрттің өршіп тұрғаны туралы хабарланған.