Белгілі балуан басшылық қызметке тағайындалды

Фото: Фото: Күрес түрлері федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Танымал қазақстандық балуан Мақсат Ережепов Қостанай облыстық Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып тағайындалды.

Бұл туралы өңірдегі Күрес федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

- Бүгін Федерация президенті Дәулет Тұрлыхановтың шешімімен Мақсат Аршабайұлы ресми түрде Қостанай облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті болып тағайындалды, - делінген хабарламада.

Мақсат Аршабайұлы — грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның үш дүркін чемпионы, әскерилер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы.

Бұл тағайындау өңірдегі күрес спортының дамуына жаңа серпін беріп, жас таланттардың көкжиегін кеңейтетін тың белестерге бастайды деп сенеміз. Мақсат Аршабайұлының тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі Қостанай облысының спорттық жетістіктерін еселей түсері анық.

Ал Қостанай облысының Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атқарушы директоры қызметіне Талғат Жиентаев тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Астанада Қазақстан Республикасының Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының 2024 жылдың қорытындысына арналған есеп беру конференциясы өтіп, жылдың үздіктері марапатталған болатын.