Белгілі ғалым қазақ халқының Алтын Орда мұрагері екенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Жазушы, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Тұрсын Жұртбай тұжырымды ойын Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында бөлісті.

Фото: видеодан алынған скрин

Ғалымның ізденісіндегі негізгі бағыттардың бірі — Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеу.

— Біздің рухани темірқазығымыз — Абай. Менің «Толық адам» атты екі кітаптан тұратын еңбегім Абайдың көркем әлемін, «Толық адам» ілімін ғылыми тұрғыдан саты-сатысымен талдап, түсіндіруге арналған. Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы «Бесігіңді ұмытпа» деген атаумен үш кітап жаздым. Ал мұндағы басты мақсатым — Әуезов арқылы Абайдың ішкі жан дүниесіне барлау жасап, оны тереңірек түсінуге ұмтылу еді. «Абайды Әуезов арқылы түсіндім» десем, шындыққа жанасады, — деді Тұрсын Жұртбай.

Ғалым ұлылардың мұрасын зерделеу өткенді танумен қатар, бүгінге баға беріп, болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік береді деп санайды. Осы ретте ол Алтын Орда тарихы мен қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығын зерттеуге мән береді.

— Біз Алтын Орданың құлау себептерін, оның ішкі және сыртқы саясатын, жер мен тіл мәселелеріне қатысты ұстанымдарын бүгін жаңаша әрі ашық талдап, одан тарихи сабақ алуымыз керек, — деді спикер.

Оның пікірінше, бұл тарихи сабақтастықты зерттеу тарихшылармен ғана шектелмеуі керек. 

— Президенттің Алтын Орда туралы ұстанымын қазақтың басты ұлттық идеяларының бірі ретінде жан-жақты түсіндіру қажет, — деді ол.

Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық мұрасында көркем туындылардың да орны бөлек. Солардың бірі — «Қар астындағы көбелек».

— Бұл — жүректе сақталып келе жатқан мұң-сағыныштың, аңсар күйдің толғауы, — деді ғалым.

Айта кетейік, Тұрсын Жұртбай шығармашылық жолын ақындықтан бастап, кейін проза мен ғылымға бет бұрды. Оның Абай мен Әуезов мұрасын зерттеуге, Алаш тарихын зерделеуге арналған «Дулыға», «Ұраным — Алаш!», «Бесігіңді ұмытпа», «Толық адам» сынды еңбектері — ондаған жылдық ізденістің нәтижесі.

Бұған дейін француз тарихшысы Алтын Орда мен көшпелі халықтар туралы қалыптасқан көзқарасты өзгерткісі келгенін айтқан болатын.