Жиынға қаламгерлер, ғалымдар, режиссерлер т. б. мамандар қатысып, қаламгер шығармашылығы жөнінде ой пікірін бөлісті.
— «Мәңгілік бала бейне» шығармасын жаңа форматта шығардық. Жуырда Франкфурттегі халықаралық кітап көрмесінде таныстырып, бүкіл әлемді қуанттық. Сұраныс өте жоғары болып жатыр. Өйткені, бұл туынды шынайы өмірден алынған. Семей полигонының зардабы орасан болды. Кейіпкер Ләйләнің тағдырындай қасіретті тағдырлар көп. Сонымен қатар, бұл шығармада инклюзия мәселесі де қамтылған, — деді аталған кітапты екі тілде шығарған «Arman-PV» баспасының директоры Дидара Алина.
Осы орайда, оқырмандарды «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің мазмұнымен қысқаша таныстырған жөн.
Бұл шығарманың басты кейіпкері — Ләйлә есімді кемтар қыз. Оқиға баяндалып отырған сәтте жасы 16-да. Бірақ түр-әлпеті 8 жасар қыз секілді кішкентай бейнеде қалып қойған. Аяқтары кішкентай, ал қолдары ербиіп өсіп кеткен, яғни, дене тұрқы да ебедейсіз, мүгедек жан. Әпкесінің үйінде тұратын байғұс қызға Қатира тәтесі аузына келгенді айтып, тіл тигізіп, кемтарлығын жиі-жиі бетіне басып, отырса опақ, тұрса сопақ күйде ұстайды. Онсыз да тағдырынан таяқ жеген Ләйлә қатты қорланып, түңіліп, налиды. Жанын түсінер адам таппай, аласұрады. Амалсыздан түндерде аулаққа шығып, аспандағы айға мұң шағып, сырласады. Жұрттың сұғанақ көзі мен ащы сөзінен ашынғанда, ішіндегі запыранын ақтаратын басқа ешкімі жоқ еді.
Ләйләнің қасірет-шерін жазу арқылы автор әлемдегі бүкіл мүгедектің ішкі дүниесін танытады. Қамкөңіл жандарға барынша қамқор болуға шақырады. Құдайдың сынағына ұшыраған кісілерді кемсітпей, жүрегін ауыртпай, тек жылы сөз арнап, жігер беруге үндейді.
Бұдан бөлек, аталған шығармада ұлт трагедиясы да көрініс тапқан: атап айтқанда, Семей полигонының сан жылдарға жалғасып, талай ұрпаққа кесірін тигізген зардабы. Атом бомбасын жарып, жүздеген сынақ өткізгеннің салдарынан Семей өңірінде Ләйлә секілді қаншама адам мүгедек болып туып, өмірден еш қызық көрмей, қасірет-құсаға батып өтті. Қаламгер кемтар қыздың ішкі сарайындағы алай-дүлейді әсерлі жеткізу арқылы ядролық сынақтардың адамға да, табиғатқа да орасан зарары мәселесін көтерген.
Қос тілдегі спектакль-кітаптың таныстырылымында мамандар шығарманы осылайша жіліктеп талдап, кәсіби тұрғыда баға берді. Әсіресе, театртанушы Нартай Ескендір туындының құндылығын жаңа қырынан қарастырды.
Оның сөзінше, Роза Мұқанова тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрын ешкім батыл бара алмаған тақырыптарды көтеруімен дараланды. Атап айтқанда, «Мәңгілік бала бейне» атты әңгімесі — Семей полигоны туралы үлкен мәселелерді қозғаған туынды.
— Қазіргі уақытта жылдар бойы орындалып келген атомдық сынақтар жойылғанымен, мұның экологиялық тамырының тереңдеп кеткендігі жасырын емес. Қолдан жасалған бұл мәселенің көркем дүниеге айналып, сахна арқылы көрініс табуының басты себебі осыған байланысты. Соның ішінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасына 1996 жылы Б.Атабаевтың режиссурасымен қойылған Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиясы — осындай тақырып өзектілігі, бүтіндей бір ұлттың қиын тағдырын берудегі мақсатының айқындылығы жағынан өте күрделі шығарма. Автор Ләйләнің жеке басындағы тағдырын, қасіретін көре отырып тек тән жарасын ғана емес, жан жарасында болып жатқан арпалыстарды ашып көрсеткен, — деді Нартай Ескендір.
Сонымен бірге, ол Р.Мұқанованың әңгіме, пьеса т. б. кез-келген шығармалары қоғамдағы күрделі мәселелерді көтеріп, оқырманға ой салатынын және адам жанын тербейтінін атап өтті.
Одан бөлек, іс-шарада сөз алған бірқатар спикер «Мәңгілік бала бейнеге» қатысты тосын тұжырымын айтты. Зерттеушілердің сөзінше, дүниеге сыймай аласұрған Ләйлә — тек полигон зардабын тартқан мүгедектің бейнесі емес, сондай-ақ, өзіндік ұстанымы мен ағынға қарсы жүзетін айрықша болмысы үшін қоғамға сыймайтын тұлғалардың да образы.
Айта кетейік, бұған дейін Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесінде Қазақстанның ұлттық стенді ұйымдастырылып, жәрмеңке аясында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» туындысы да таныстырылғанын жазғанбыз.