Ғалым Қамашұлы еңбек жолын 1994 жылы «Өркен-Горизонт» газетінде бастап, 1996–2004 жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінде спорт шолушысы қызметін атқарды. 2004 жылы «Sports&kz» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Кейін «Aiqyn» республикалық газетінде еңбек етіп, «Берен» спорт журналының жұмысына атсалысты.
Өмірінің соңына дейін «Egemen Qazaqstan» газетінде журналистік қызметін жалғастырып, YouTube желісіндегі «Берен/Beren live» арнасы арқылы отандық спортты кеңінен насихаттады. Сондай-ақ қазақ телевизиясында көптеген спорттық жарысты жүргізіп, кәсіби комментатор ретінде көпшілікке танылды.
Ғалым Қамашұлының қазақ спорт журналистикасын дамытуға қосқан үлесі лайықты бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының стипендиаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты болды.
Спортсүйер қауым оның дауысын Нагано, Сидней, Ванкувер және Лондон Олимпиадаларындағы, сондай-ақ бокс пен күрес бәсекелеріндегі жарқын репортаждары арқылы жақсы таниды.
Журналистің әріптестері мен жақындары оның кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болғанын жеткізді.