Белгілі түрколог Ясауи университеті кітапханасына 3000 кітап тарту етті

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымы, елге танымал түрколог Шәкір Ибраев оқу орда кітапханасына 3000 кітап қорын сыйға тартты. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шәкір Ибраев — «Парасат» орденінің иегері, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. Түркітану ғылымына ерен еңбегі сіңген, классикалық академиялық мектептен өткен белгілі тұлға.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Биыл Шәкір Ибраев 75 жасқа толды, ғалымның мерейтойына орай Ахмет Ясауи университетінде «Түркология және Шәкір Ибраев зерттеулері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жиын оқу орнының бастамасымен әр 2 жылда өтетін халықаралық ХІ Түркология конгресі аясында ұйымдастырылды.

Ғалымның айтуынша университет кітапханасына тарту еткен кітап қорында өзінің жазған еңбектері, сонымен қатар өмір бойы жинаған, сыйға алған өзге еңбек авторлары мен ғалымдардың қолтаңбалары қойылған кітаптары бар. Оның қатарында: қазақ, түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз, башқұрт, ұйғыр, татар, араб, тува, т.б тілдерде жазылған энциклопедиялар, түрлі сөздіктер, философия, фольклор, тілтану, әдебиеттану, көркем әдебиет, өнер, тарих т. б. салалардағы кітаптарды кездестіруге болады.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сонымен қатар 1937,1938,1940-жылдары шыққан «Қазақ совет әдебиеті», «Әдебиет хрестоматиясы» сынды өзге де ескі басылымды кітаптар бар.

Қордың ішінде оқырмандардың қызығушылығын тудыратын өте құнды, қайта басылып шығарылмайтын ескі басылымдар көп. Бұл — бүгін мен келешек ұрпаққа жасалған бағасы биік рухани мұра.

Кітапхана қызметкерлері 3000 кітапты салалары бойынша бөліп, өңдеуден өткізді. Арнайы базаға енген кітаптарды оқырмандар кітапхана сөрелерінен алып, оқуды бастап кетті.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Университет кітапханасына берілген бұл қор — профессор-оқытушылар мен студенттерден бастап, өзге де оқырмандар үшін білімнің таптырмас қайнар көзіне айналды. Түркітану саласына саналы ғұмырын арнаған ғалымның жылдар бойы жинаған білім көздерін оқу ордаға сыйға тартуындағы басты мақсаты да осы еді. Осылайша Шәкір Ибраев өзінен кейінгі жас зерттеушілердің игілігі мен ғылым жолындағы бастамаларына қолдау көрсету үшін өзіндегі бар байлығымен бөлісті.