«Белкоммунмаш» Павлодарға трамвай жеткізіп беруді тағы да кешіктірмек

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Беларусь кәсіпорны Павлодарға трамвай вагондарын жеткізу мерзімін тағы да ұзарту өтінішімен хат жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Беларусьтің «Белкоммунмаш» кәсіпорны «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ және «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-ға Павлодарға трамвайларды жеткізу мерзімін созуға рұқсат беру өтінішімен хат жіберді. Бірақ вагондарды жеткізу графигін жылжыту мәселесі Павлодарда әлі талқыланған жоқ. Әзірге Павлодар көшелерінде Беларусьте шығарылған екі жаңа трамвай жүр, тағы бірінде іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді трамвай басқармасының баспасөз хатшысы Тимофей Голев.

Еске сала кетсек, желтоқсанда да вагондар мерзімінен кешігіп келген болатын. Сол кезде «Белкоммунмаштың» директоры Олег Быцко негізгі себеп ретінде қозғалтқыштардың болмауын көрсетіп: «Псков электромеханика зауыты бізге қозғалтқыштарды өз уақытында жеткізіп бере алмады», - деген болатын.