Белсенді жастар мен волонтерлерге «Jastar Jalyny camp» лагері ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Белсенді жастар мен волонтерлерге «Jastar Jalyny camp» лагері ұйымдастырылады. Бұл туралы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді белсенді жастар мен волонтерлерге арналған «Jastar Jalyny camp» лагері ұйымдастырылады. Лагерь аясында жастар 3 күн бойы шеберлік сабақтарына, тақырыптық кештерге қатысады, тимбилдингтер, open air өткізіледі», - деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған 26 аула клубы жұмыс істейді.

«Қала бойынша шамамен 3000-нан аса жас тәрбиеленеді. Үйірмелер мен секциялар саны - 124. Оның ішінде 68 спорт секциясы, 56 шығармашылық үйірме бар: түрлі би үйірмелері, сурет салу, қолөнер, вокал және тағы басқалары. Студент жастар арасында жыл сайын «Жастар жалыны» шығармашылық фестивалі өткізіледі. Биыл бұл жоба оқу жылы басталған соң, шамамен қазан-қараша айларында болады деп күтілуде», - деді Қайрат Қамбаров.