Белсенділер флотилиясы Газаның теңіз блокадасы аумағына жақындады

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Гуманитарлық көмек жеткізу үшін Газа секторына қарай бет алған халықаралық флотилия ашық теңізде түрлі оқиғаларға тап болып, әлемдік қауымдастықтың миссияны тоқтатуға шақыруымен қатарласа жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

«Сумуд флотилиясы» деп аталған бастаманың ұйымдастырушыларының айтуынша, құрамында 40-тан астам кеме мен 500-ге жуық қатысушы бар топ 1 қазанға қараған түні Израильдің бұрын осы сияқты миссияларды тоқтатқан теңіз аймағына жақындаған.

Белсенділердің мәліметінше, жарығы жоқ бірнеше белгісіз қайық флотилияға жақындап, кейін шегінген. Сонымен қатар, кемелердің үстінен ұшқышсыз ұшатын аппараттар (дрондар) үнемі бақылау жүргізіп жатқаны айтылды.

Бразилиялық белсенді Тьяго Авила әскери кемелердің бірі флотилияның байланыс жүйелеріне зақым келтіріп, Alma және Sirius атты жетекші кемелердің маңында қауіпті маневрлер жасағанын мәлімдеді.

Соған қарамастан, қатысушылардың айтуынша, гуманитарлық миссия өз бағытынан айнымаған. Флотилия құрамында әр елден келген парламент мүшелері, заңгерлер мен адам құқықтарын қорғаушылар бар. Олардың қатарында швед экоактивисі Грета Тунберг те жүр.

Фото: x.com / @RimaHas

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама гуманитарлық сипатта өтіп жатыр және ешқандай әскери араласуды көздемейді. Түркия дрондар арқылы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ал Италия өзінің кемелерін Газа жағалауына 150 теңіз милі қалғанда тоқтататынын хабарлады.

Испания қажет болған жағдайда құтқару кемесін жіберуге дайын екенін мәлімдеді, бірақ ол Израиль теңіз блокадасы деп жариялаған аймаққа кірмейді.

Израиль билігі бұған дейін бірнеше рет флотилияның Газаға өтуіне жол бермейтінін мәлімдеген болатын. Ресми Тель-Авив бұл әрекетті «пиар-науқан» деп атап, оның ХАМАС ұйымымен байланысты екенін алға тартады. Сонымен қатар, гуманитарлық жүкті Израильдің Ашдод порты немесе Кипр арқылы түсіруді ұсынған.

Маусым және шілде айларында осындай миссиялар Газа жағалауынан 100 теңіз милі аралығында тоқтатылған.

Қауіп-қатерлерге қарамастан, флотилия мүшелері Газа секторына қарай қозғалысты жалғастыратынын айтып отыр. Батыс ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль арнайы жасақтың көмегімен флотилияны тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бұл жағдайға тарихта болған оқиға да ықпал еткен. 2010 жылы  Mavi Marmara кемесі халықаралық суда тоқтатылып, 10 белсенді қаза тапқан. Бұл оқиға Израиль мен Түркия арасындағы қатынастарда күрделенуіне себеп болған еді.

Блокаданы бұзу әрекеті халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырып отыр. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони белсенділерді «дереу тоқтауға» шақырып, олардың әрекеті атысты тоқтату бойынша жүргізіліп жатқан іске кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті. Рим Папасы XIV Лев өз кезегінде ешқандай зорлық-зомбылық болмайды және барлық тараптар сабырлық танытады деген үмітін білдірді.

Ал Грета Тунберг BBC арнасына берген сұхбатында флотилия тек символикалық қадам деген сын-ескертулерді жоққа шығарды.

«Өміріне қауіп төндіретін әрекетке ешкім жай пиар үшін бармайды деп ойлаймын», – деді ол.

Флотилия ұйымдастырушылары кемелердің қозғалысын тікелей эфирде YouTube арқылы таратып, нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін онлайн-трекер іске қосқан.

Фото: globalsumudflotilla.org/tracker/

Айта кетейік, БҰҰ сарапшылары мен Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының (ITF) мәліметінше, БҰҰ-ның Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясына сәйкес, халықаралық сулардағы кемелердің еркін қозғалысқа құқығы бар. Қарусыз гуманитарлық кемелерді аумақтық сулардан тыс жерде тоқтату халықаралық құқықты бұзу ретінде бағаланады.

Осыған дейін белсенділер Газаға бағыт алған теңіз флотилиясына дронмен шабуыл жасағанын хабарлаған болатын.