Бен Ладеннің оққағары түрмеден шығады

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Йемен тұрғыны Махмұд Муджахид Американың Гуантанамодағы түрмесінен шығарылатын болды.

Ол «Әл-Каида» ұйымының мүшесі әрі Осама бен Ладеннің оққағары.

ВВС-дің хабарлауынша, 33 жастағы Муджахид 10 жылдан астам темір тордың ар жағында жазасын өтеген. Қорғаушысы Дэвид Реместің сөзіне қарағанда, оны түрмеде ұстауға негіз жоқ.

Муджахид АҚШ президенті Барак Обаманың Гуантанамоны жабу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылған комиссияның алдында жауап берген алғашқы адам. Түрмеде 155 адам жазасын өтеп жатыр. Американдық билік өкілдері оларды бостандыққа жіберу қауіпті деп санайды. Алайда соттың олардың кінәсін мойындатуға дәлелдері жоқ.