Бэнкси мен Леонардо да Винчидің туындылары Астанаға 350 мың турист тартты

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші тоқсанында Астанаға келген туристер саны 12%-ға өсіп, 352 мыңнан асты. Қалаға келушілердің қызығушылығын арттырған жаңа туристік нысандарды таныстыру мақсатында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Баспасөз турында журналистер елорданың жаңа туристік орындарын аралады. Олардың қатарында Бэнксиге арналған цифрлық көрме, Леонардо да Винчидің бес ғасыр бұрынғы сызбалары бойынша жасалған экспозициялар көрмесі және соңғы жылдары ашылған бірқатар жаңа нысан бар.

Бэнкси: стрит-арт пен түпнұсқа туындылар

Бүгінде елорда тұрғындары мен қонақтары жиі баратын орындардың бірі — Lumiere Hall мультимедиялық музейі. Мұнда маусымның ең көп талқыланған көрмелерінің бірі — «Бэнкси: данышпан ба, әлде вандал ма?» көрмесі өтіп жатыр. Бұл жоба көпшіліктің қызығушылығын туғызып, Астананың танымал туристік орындарының біріне айналды.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Көрме дәстүрлі музейден өзгеше. Мұнда цифрлық технологиялар мен түпнұсқа жәдігерлер қатар қойылған. Үлкен экрандарға шығарылған бейнелер мен арнайы дыбыстық сүйемелдеудің арқасында Лондон көшелеріндегі әйгілі граффитилер көрерменнің көз алдында жан біткендей әсер қалдырады.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Музей өкілі Назерке Орынбасардың айтуынша, көрмеге Испаниядан ағылшын суретшісі Бэнксидің түпнұсқа жұмыстары жеткізілген.

— Испаниядан ағылшын суретшісі Бэнксидің түпнұсқа жұмыстары жеткізілді. Олардың қатарында банкноттары, ашықхаттары, фильмге арналған постері және түпнұсқа пластырі бар. Көрменің маңызды бөлігі суретшінің 2015 жылы жүзеге асырған ең батыл жобасы — Dismaland саябағына арналған. Бұл Диснейлендке жасалған өткір сатира еді. Онда экология, мигранттар және соғыс тақырыптары көтерілді. Саябақ жабылғаннан кейін оның ағаш конструкциялары бөлшектеліп, Францияның Кале қаласына босқындарға баспана салуға жіберілді. Екінші залда VR-аймақ пен келушіні сол ортаға толық енгізетін ауқымды бейнеинсталляция жұмыс істейді, — деді ол.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Қазақстан темір жолының тарихы цифрлық форматта

Елордадағы жаңа туристік орындардың бірі — Қазақстан темір жолы тарихы музейі. Ол келушілерге 13 маусымнан бері қызмет көрсетіп келеді.

Аумағы 3 200 шаршы метрді құрайтын музей бұрынғыдай жәдігерлерді ғана көрсетумен шектелмейді. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін кеңістік төрт интерактивті залға бөлінген.

Мұнда Түрксібтің салыну тарихынан бастап алғашқы қазақ теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбегі мен қазіргі темір жол технологиясының дамуына дейінгі кезең қамтылған.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Музей қорында 250-ден астам бірегей жәдігер бар. Олардың арасында көне теміржол шамдары, рельс инфрақұрылымына қатысты ірі техникалық бұйымдар, архив құжаттары мен салалық марапаттар сақталған.

Келушілер әсіресе ВЛ80 жүк электровозын, ТЭП70 жолаушылар тепловозын, ЧМЭ3 және 2ТЭМ10 маневрлік тепловоздарын қызыға тамашалайды. Сонымен қатар жаңа буынға арналған CR200J жолаушылар вагоны да қойылған. Онда қазіргі пойыздардың ішкі жабдықталуы мен жаңа техникалық шешімдерін көруге болады.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Музейде AR және VR технологиялары, мультимедиялық экрандар мен түрлі симуляторлар кеңінен қолданылады. Экскурсия жетекшісі Карина Сапашеваның айтуынша, мұндай тәсіл балаларды да, ересектерді де бірдей қызықтырады.

— Ең көп адам жиналатын орын — интерактивті зал. Балалар да, ересектер де локомотив кабинасына отырып, пойызды өзі басқарып көргісі келеді. Сол арқылы машинистің жұмысын сезінеді. Бұл келушілерге ерекше әсер қалдырады. Биыл ғана ашылғанымызға қарамастан, шетелдік туристер де жиі келе бастады. Әсіресе Ресейден келетін қонақтардың саны көбейіп отыр, — деді Карина Сапашева.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Музейді аралағаннан кейін келушілер мәдени шаралар өтетін тарихи вагон-мейрамхананы көре алады. Мұнда «Нұрлы жол» вокзалындағы пойыздардың қозғалыс кестесі көрсетілетін ақпараттық тақтамен жабдықталған кофехана да бар.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Да Винчидің қолмен ұстап көруге болатын сызбалары

Өнер мен ғылымға қызығатын қала тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды мәдени орындардың бірі — Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесі.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Көрме ашылғалы бері оны 50 мыңнан астам адам тамашалаған. Келушілер легі әлі де толастаған жоқ.

Экспозицияда Леонардо да Винчидің ғылыми әрі көркем мұрасы жан-жақты таныстырылған. Мұнда оның түпнұсқа сызбалары негізінде жасалған 40-тан астам өнертабыс үлгісі қойылған. Бұл экспонаттар Астанаға Рим мен Флоренция музейлерінен әкелінген.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Көрменің ерекшелігі — келушілер экспонаттарды алыстан қарап қана қоймай, кейбір механизмдерді өз қолымен қозғалтып, бес ғасыр бұрын жасалған өнертабыстардың қалай жұмыс істейтінін көре алады.

Фото: Адиль Нуртазин/Kazinform

Айта кетейік, елордада туризмге салынатын инвестиция көлемі де өсіп келеді. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаевтың айтуынша, өткен жылы бұл салаға 438,3 млрд теңге инвестиция құйылса, 2026 жылдың алғашқы бес айында оның көлемі 250 млрд теңгеге жеткен.