Бензин акцизін көтеру: энергетика вице-министрі пікір білдірді
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов бензин акцизін көтеру туралы жоспарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ол туралы біз де естідік. Ең бірінші құжатты электронды жүйеден көрдік. Бірақ, өкінішке қарай, Ұлттық экономика министрлігіндегі әріптестерімізбен ешқандай әңгіме болған жоқ.
Жалпы қандай да бір салықтар мен міндетті төлемдерді бекіту Энергетика министрлігінің құзырындағы шаруа емес. Бұл сұрақты экономикалық блокқа қойған дұрыс. Мен әр литрге 14 теңге акциз қосылуы мүмкін деп естідім. Есептерін көрген жоқпын, бізге оны таныстырған жоқ. Құжат жобасы Энергетика министрлігінен емес, Ұлттық экономика министрлігінен шықты. Біз оны әлі мақұлдаған жопыз да, қараған да жоқпыз. 14 теңге деген сан айтылып жүр. Бірақ ол неге негізделгенін айта алмайммыз», - деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, акциз құны әр литрге 14 теңгеден қымбаттаса, бұл халықтың қалтасына әсер етпек.
«Тәжірибеге сүйенсек, кез келген бағаның өсуі, ол жанармай бағасы болса да халыққа тікелей әсер етеді. Оны біз жақсы түсініп отырмыз. Акциз құны туралы есептеулерді көрген кезде қандай да бір қорытынды айта аламыз», - деді министрдің орынбасары.
БАҚ өкілдері жанармай акцизінің әр литрге 14 теңгеден қымбаттауы көп пе, аз ба деген сұрақ қойды.
«Менің ойымша айтарлықтай көп», - деді Ерлан Ақкенженов.