Бензин бағасы қымбаттай ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бензин бағасының алдағы уақытта қандай межеде болатындығы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Әрине, соңғы аптада бензин бағасы 2-3 теңгеге өсті. Оның өзіндік себептері бар. Біз жалпы тұтынатын жанармайдың 30 пайызын Ресей Федерациясынан жеткіземіз. Қазіргі таңда бағаны салыстырмалы түрде қарап отырсақ, шекарада бензинді осы қаңтар айында 505 АҚШ доллар болса, бүгінге дейні 550 АҚШ долларына дейін өсті. Бензинді Ресейден алып келетін біздің компаниялар бағаны өсірді. Қазіргі уақытта қандай баға болатынын айту қиын. Өйткені ол шекарадағы баға қалай болатынына байланысты. Екіншіден, теңгенің долларға шаққандағы  бағамы қалай болады? Соған орай да өзгереді. Жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда теңгенің құны арзандады. Ресей тарапымен шарт доллармен жасалғандықтан, теңгемен сататын баға сәйкесінше өсті», - дейді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Ресейде 1 литр бензиннің теңгеге шаққандағы бағасы 220 теңгеге. Өйткені оларда қосымша салықтар көп салынады.

«Келешекте, әрине, өзіміздің бензин мен дизельдік отындардың мөлшерін арттыру жағынан жұмыс атқарып жатырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша, «Атыраумұнай өңдеу зауытында» бензин көлемі 2014 жылы 614 мың тонна шығарылса, аталған зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін өндіру мөлшері 2 жары месеге (1 млн 600 мың тонна) өседі. Шымкентте де дәл осылай - өндіру 2,5 есеге арттырылады. Сондықтан бензинді экспортқа шығаруға мүмкіндік аламыз деген ойдамын», - дейді вице-министр.