Бұған дейін белгілі болғанындай, 2015 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан Үкіметі АИ-92/93 маркалы жанар-жағар май бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталғанын хабарлады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Қазақстанда жанар-жағар май тапшылығын болдырмау үшін, Үкімет осындай шешім қабылдады. Теңге еркін айырбас бағамына көшкеннен кейін, бізде белгілі бір қиыншылықтар туындады. 20 тамызға дейінгі кезеңде Ресейден жанар-жағар майдың 1 литрін 97 теңгеге сатып алып, ішкі нарықта 108 теңгеден саттық. Бірақ теңгенің долларға қатысты бағамы күрт өзгерген кезде бұл жанар-жағар майдың 1 литрінің құны 120 теңгеге қымбаттады. Ал шығынға батып, ешкім жанармай тасымалдағысы келмейді» деп түсіндірді.
Б. Сағынтаев сондай-ақ, еліміздегі жанар-жағар май бағасы бұрынғыша қалатын болса, үлкен тапшылыққа ұрынатынымызды айтты. Өйткені өзімізде өндірілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі ішкі нарық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайды. Бүгінгі қорымыздағы 200 мың тонна өнім тез таратылып кетсе, жанармай тапшылығына тап боламыз. Мұндай пікірді «Қазмұнайгаз»ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев та қостайды. Оның айтуынша, Ресейдегі жанармай бағасымен теңсіздік Қазақстандағы жанармай тапшылығына алып барады. «Баға теңсіздігі орнаған жағдайда, жанар-жағар май керісінше, Ресейге тасымалданып жатқанын көріп отырмыз. Астық ору науқаны басталатын кезде бұның бізге пайдасы жоқ» деп мәлімдеді аталған брифингте С. Мыңбаев.
Энергетика министрі Владимир Школьник Үкімет шешімінен кейін, АИ-92/93 маркалы жанар-жағар май құны 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам айтты. Министрдің пайымдауынша, әуелде баға күрт секіргенімен, соңынан ахуал тұрақтанады. - Үкімет бұл жерде біреулерге ахуалды теріс пайдалануға жол бермейді,- деді В. Школьник. Себебі, Энергетика министрі мұнай өнімдері нарығындағы жағдай айтарлықтай тұрақты екенін хабарлады. Қазір елімізде 300 мың тоннадан астам дизельдік отынның қоры бар. Демек, биылғы күздегі астық ору мен тұқым себу науқаны, қысқа дайындық жұмыстары жанармаймен толығымен қамтамасыз етілген. «Жалғыз мәселе АИ-92 жанармайына қатысты болып отыр. Біз үш зауытымызда жылына 2 млн. тонна жанармай өндіреміз, ал 1 млн. 100 мың тоннаны сырттан әкелеміз. Қазіргі жағдайда біз Белоруссиядан, Ресейден немесе басқа жерден сатып алатын жанармайдың құны, оны тасымал қызметімен қоса есептегенде біздегі шекті бағадан да қымбат. Сол себептен біздің алдымызда таңдау тұр. Не бізде жеткілікті көлемде жанармай болады, не нарықта тапшылық пен дүрлігу орнайды. Сондықтан, Үкімет осындай жалғыз орынды шешімге келіп отыр»,- деп қосты В. Школьник.
Ағымдағы жылдың 5-ші қыркүйегінде Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне АИ-95 маркалы жанармайға бағаның өсу себептерін анықтауды тапсырды. Еліміздегі ірі жанар-жағар май құю стансалары желілерінің қожайындарына АИ-92/95 маркалы бензинге баға белгілеу құрылымы және АИ-95 маркалы бензинге бағаның өсу себептері туралы нұсқаулар жіберілді,-деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі. Аталған нұсқаудың нәтижесінде «Қазмұнайгаз өнімдері» АҚ-ы АИ-92/93 маркалы жанармайдың 1 литрін 125 теңге, АИ-95 маркалы жанармайдың 1 литрін 136 теңгеге дейін төмендету жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі таңда қалған ірі компаниялармен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне үстем жағдайды теріс пайдалануды, бағалық сөз байласу мен жосықсыз бәсекелестікке жол бермеуді бақылау бағытында іс-шараларды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, жанар-жағармай құю стансалары иелеріне монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қатаятыны ескертілді.
Әмірлан Әлімжан