ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бензин бағасының шамадан тыс өсуіне жол берген «Москвичи» (Бөкей ордасы ауданындағы осы мекеменің жанармай құю бекетінде АИ-92 маркалы бензин бағасы литріне 200 теңгеге жеткен) бекеттеріне қатысты арнайы хабарлама жіберілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Марат Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, хабарлама қолға тигеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде жанармай құю мекемесінің басшылығы кемшіліктерді жоюы тиіс. Кемшілік жойылмаса, заң аясында шаралар қолданылады.
2015 жылы халық тарапынан үлкен сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензинге мемлекеттік реттеу жойылып, баға босатылған болатын. Сол уақыттан бастап оның құны нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа сай белгіленіп отыр. Алайда бұл бағаның шамадан тыс өсуіне жол беріледі деген сөз емес.
Күні бүгін облыста жанармай бағасының (АИ-92, 95 маркалы бензин) белгілі бір деңгейде жоғарылауына қатысты талдау, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар жанармайды көтерме бағамен әкелетін тасымалдаушылардың өзара сөз байласуына жол бермеуге аударылуда.
Айта кетейік, монополияға қарсы заңдылықты бұзған субъектілерге салынған барлық әкімшілік айыппұлдардың мөлшері - 380 млн. теңге. Дәл қазіргі таңда 6 субъектіге қатысты тексеру басталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).