Куәгердің айтуынша, Бағлан Момыновпен кездесуден кейін Ернар Жиембай қаруды тексеріп көрген.
— Маған «Көлікті Қайтпас-2 ықшамауданына айдаңызшы» деп айтты. Біршама көшелерді аралап шыққан соң, «Тұран жаққа қарай жүрейік» деді. Сол кезде мен нақты қайда баратынымызды сұрадым. Ол болса «Өткенде балалар қаруды аңшылық кезінде суға түсіріп алыпты, сондықтан оқ атылмай жатыр. Қазір үлкен кісілерге беремін, ұят болып қалады» деді. Кейін Тұран ықшамауданындағы нақты орны белгісіз жазық жерге бардық. Сол жерде автокөліктің жүк салғышынан қаруды алып, екі-үш рет атып көрді. Содан соң көлікке отырып, Нұрсәт ықшамауданындағы Назарбаев даңғылында орналасқан үйіне апарып тастауды сұрады, — деді Арман Молдабеков.
Куәгердің сөзінше, содан кейін Ернар Жиембай моншаға баруды ұсынған. Бірақ Назарбаев даңғылында орналасқан үйдің жертөлесінде Арман Молдабеков өз көлігіне отырғаннан кейін, Жиембай өзінің көлігімен кетіп қалған.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.