Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы білім мекемелерінің оқу жылына дайындығын тексерді.
Өңір басшысы ақыл-ойының дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа барды. Жақында ғана мектеп нысанына жапсарлас бой көтерген ғимараттың құрылысы аяқталған. Жаңа ғимараттағы спортзал, тігін және ағаш шеберханалары әлі бос тұр. Бастапқы жобалау кезінде жиһаз бен жабдық сатып алуға қаражат бөлінбеген. Жауапты тұлғалардың ешбірі мәселеге уақытылы назар аудармаған болып шықты. Облыс әкімі Білім басқармасы басшылығына ескерту жасап, мұндай маңызды істе кемшіліктерге жол берілмеу керектігін атап өтті. Сондай-ақ бұл мәселені шешуді тапсырды.
Бердібек Сапарбаев негізгі ғимараттағы сыныптармен, жатын бөлмелерді, акт залын, асхананы аралап, мұқият танысты. Мектеп-интернаттың жұмысы туралы директордың міндетін атқарушы Лиза Аттыбаева жан-жақты баяндап берді. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін 210 бала оқиды. Оларға білікті мамандардың кешенді көмектері көрсетіледі. Психолог, дефектолог, логопед, әлеуметтік педагогтар құралған кәсіби мамандар қатары балаларға түзетудің барлық түрлерін көрсетеді.
Бұдан әрі Жамбыл облысының басшысы «Інжу» жекеменшік мектеп-гимназиясына барды. Мектеп-гимназияның директоры Жанна Мәдімарованың айтуынша, мектепте сабақтар қашықтан және дәстүрлі түрде өтеді. Мұғалімдер мектептің жаңа оқу жылына дайын екендігіне сендірді.
Облыс әкімі мектеп ғимаратының қабырғасындағы мотивациялық және танымдық картиналарға айрықша назар аударды. Ол мұғалімдердің оқу-тәрбие беру процесіне деген шығармашылық көзқарастарын жоғары бағалап, Тараз қаласының әкіміне бұл тәжірибені басқа мектептерге де қолдану жүктелді.