Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында корановирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты іс-қимыл шаралары барынша ескерілді. Бұл жағдай өңір басшысымен кездескен жергілікті тұрғындардың санына әсер еткенмен, Бердібек Сапарбаевтың жұмыс қарқыны өз деңгейінде өрбіді. Ол 13 нысанды аралап, ауданның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан барынша хабардар болды.
Бердібек Сапарбаев алдымен Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектепке барды, онда Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек білім беру саласының жай-күйі туралы баяндады. Ауданда 36 мектеп жұмыс істейді десек, оның 25-і жазда жылы дәретханалармен қамтылмақ, төртеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Гранитогорск ауылында жаңа оқу орны салынады. Меркілік балалар «Балапан» телеарнасы арқылы берілетін сабақтар қашықтан оқуда. Білім ордасының парталары мен тақталары ескірген, су жоқ.
- Биылғы жылы біз облыстың барлық мектептерінде ескі парталар мен тақталарды ауыстыруды жоспарлап отырмыз, - деді аймақ басшысы.
Одан кейін бірқатар ақтоғандықтармен кездескен аймақ басшысы оларды босқа қарап отырмауға, өз отбасы мен туған ауылдың игілігі үшін еңбек етуге шақырды.
- Індет мәңгі созыла бермейді, бүгінгі күні босаңсуға, жалқаулыққа жол жоқ. Егер адамның дені сау болса ауылда жұмыс істеуге ұмтылу керек. Бұл әсіресе жастарға қатысты. Бақша өсіріңіз, өздеріңізді көкөністермен қамтамасыз етіңіз, үйлер мен көшелерді көркейтіңіз. Біз ең үлгілі ауыл бойынша байқау жарияладық. Осы байқауда жеңіске жетуге тырысыңыз, ең үздік елді мекендер міндетті түрде көтермеленетін болады. Біздің басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық. Оны көздің қарашығындай сақтай білейік, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев бұдан бөлек аудандағы тағы үш білім беру мекемесіне ат басын бұрды. Оқу ордаларының бірінде өткен кездесуде жергілікті тұрғындардың бірі аға буынның кәсіпкерлік бастамасын қолдауға бағытталған пилоттық жоба құруды ұсынды. Ол жаңа жұмыс орындарын құра отырып, зейнеткерлер де жұмыссыздықпен күреске өз үлесін қоса алатындығын жеткізді. Аймақ басшысы бастаманың маңыздылығын тілге тиек етіп, бұл туралы ойлануға уәде берді.
127 адам еңбек ететін Меркі ірімшік зауыты аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Өндіріс бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнім көлемі 422 тоннадан 462 тоннаға дейін арттырған. Алайда бұл максималды көрсеткіш емес, өйткені зауыт өзінің жүктемесінің небары 55-60 пайызында ғана жұмыс істеуде. Бүгінде зауыттағы желілерді жаңғыртуға 300 миллион теңге қаражат қажет, сонда ғана кәсіпорын толық жүктемесіне шыға алмақ. Сатып алушылар аз емес, әсіресе ресейліктер Мерке ірімшіктері мен йогурттарына қызығушылық танытып отыр.
Директор Дастан Айтуленовтың айтуынша, оларға сүті көп ірі бірлестіктермен жұмыс істеу тиімдірек, олардың сапасы ұсақ шаруашылықтарға қарағанда жоғары.
Аймақтағы тағы бір ірі кәсіпорын - «Мерке ет» ЖШС-нің Мерке ет комбинатында шикізаттың жетіспеушілігі туындауда. Кәсіпорында 4 мың қой мен 800 бас ірі қара бар. Директор Берік Егембердиевтің айтуынша, шұғыл түрде кемінде 50 мың қойдан тұратын мал қорын жасақтау керек, бірақ оларды қайдан алу керектігіне қатысты сұрақ туындауда. Кеше ғана меркіліктер Дубайға 60 тонна қой етін жіберген. Арабтар ұшақтарды жолаушыларсыз жөнелтіп, екі жаққа да ұшу ақысын төлеп отыр. Олардың жамбылдық етке қызығушылығы жоғары.
«Ар-Ас» шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысуда, үш айға мерзімде сақтауға болатын бөтелкедегі қымыз шығаруда. Шаруа қожалығының басшысы Мақсұт Несіпбаевтың айтуынша, шаруашылық неміс технологияларын пайдаланады, ондағы барлық процесс автоматтандырылған. Шаруашылық құрғақ қымыз шығару ісін бастауды жоспарлауда. Алайда, ол идеяны жүзеге асыру үшін үлкен қаражат қажет. Жалпы, «Ар-Ас» ШҚ аяққа нық тұрып, өзінің дамуын оң жолға қойып алған дей аламыз.
Өңір басшысы «Сыпатай батыр» ЖШС-не де арнай барды. Онда өңірдегі қызылша шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Шаруашылықта 6,5 мың гектар жер бар десек, оның үш мыңы – егістік алқап. Шаруа қожалығының басшысы Қанат Шайхиевтің айтуынша, қызылшаға 200 гектар жер бөлінген. Өткен жылы әр гектардан 861 центнер тәтті өнім жиналыпты. Қызылша өсіруші шығынға ұшырамас үшін француздық элиталық тұқымдарды, «ЕвроХим» ЖШС-нен ең жақсы минералды тыңайтқыштарды. Ол өз нәтижесі көп ұзамай-ақ беруде. Сондай-ақ, Қанат Шайхиев тәулігіне 80 гектарға дейін арамшөп шығара алатын құрылғымен таныстырды.
Жас дәрігерлермен кездескен Бердібек Сапарбаев аудан басшысы Мейірхан Өмірбекке қажетті құжаттарды жинап, сала мамандарына тұрғын үй алуға көмектесуді тапсырды.
Аудандағы жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Меркі ауылының батыс жағындағы кіреберісте орналасқан №1 блокпостың қызметімен танысты. Мұнда 12 адам жұмыс істеуде, оның ішінде полицейлер, СЭС, ауыл әкімшілігінің қызметкерлері және медицина қызметкерлері бар. Блокпост дене қызуының жоғарылауы байқалған адамдарға арналған оқшаулағышпен қамтылған. Дегенмен, әлі ондай дерек тіркелмеген.
Аудан активімен кездесуде Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарын қорытындылап, барынша пайдаланылмай отырған Меркі ауданының жоғары әлеуетін атап өтті. Ауданның жері құнарлы. Облыс әкімінің болжамы бойынша ағымдағы жылы суармалы су мәселесі болмайды.
Өңір басшысы жыл сайын егістік алқабын кем дегенде 10 пайызға ұлғайтып отыруды тапсырды.
- Жерді барынша толық және тиімді пайдалану, оның құнарлылығын, дақылдардың өнімділігін және тұқым сапасын арттыру қажет. Әлі күнге дейін шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі шешілмей келеді. Бұл орайда ауылдық округ әкімдері тарапынан шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар әлсіз жүргізілуде, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.