Бердібек Сапарбаев: Мәдениет саласында жемқорлық болса, бұл сала қайда барады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға мәдениет саласында жемқорлыққа жол бермеу керектігін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет саласында жемқорлық болса, мәдениет қайда барады? Жаңалықтардан оқып жатқандарыңыздай, осындай залды (Астана балет ғимараты) жалға бергені үшін қосымша ақша - пара алған жағдайлар кездескен. Мұндай жағдай Нұр-Сұлтан қаласындағы Горкий театрында болды. Шымкент, Түркістан және Көкшетауда да осындай жағдайлар тіркелген. Сондықтан, министрлік осы жағдайларға көбірек көңіл бөлуі керек», - деді Бердібек Сапарбаев елордада өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаров 400 млн теңге пара алды деген күдікпен елордадағы Горький театрының бұрынғы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлім еткен еді.