Бердібек Сапарбаев мұнайшылардың жалақысын көтеруді ұсынды
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапарымен барып, Оңтүстік Кореяның «KNOC» мұнай-газ корпорациясының вице-президенті Шим Джоехунмен кездесті. Бұл компания Ақтөбедегі «Aлтиес Петролеум Интернэшнл Б.В» АФК және «Aда Ойл» ЖШС-не иелік етеді. Кездесуде келісімшарт міндеттемелерін орындау сөз болды.
«Aлтиес» және «Aдa Oйл» біздің облыс аймағында шамамен 12 жылдан бері жұмыс істейді. Жыл сайын 400 мың тонна мұнай өндіреді. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Бірақ инвестиция көлемі, жергілікті кадрларды даярлау, тауарларды сатып алудағы отандық үлесті қамту және әлеуметтік жауапкершілік бойынша келісімшарт міндеттемелері толық орындалмай отыр», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Кездесуде қарапайым жұмысшылар мен басшылар арасындағы жалақы айырмасын азайту мәселесін көтерілді.
«Ең аз жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Елбасының тиісті бұйрығы бар. Біз барлық кәсіпкерлермен жалақыны көтеру туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мен «КNОК» басшыларынан осы ұсынысты қолдауға және Ақтөбе облысының аумағында жұмыс істейтін кәсіпорын басшыларына нұсқау беруді сұраймын», - деді Бердібек.
КNОК вице-президенті Шим Джоехун келісімшарттағы міндеттемелерді орындауға уәде берді.
2017 жылдың мамыр айында Ақтөбе облысының әкімі «KNOC» компаниясының президенті Ким Джунг Рэмен «Aлтиес Петролеум Интернэшнл Б.B» АФК және «Aда Oйл» ЖШС-нің жағдайын талқылады. Келіссөздердің нәтижесінде екі компания Ақтөбе облысына тіркеліп, өндірістік қызметін іске асырды. Бұрын мұнай компаниялары Ақтөбеде қара алтын өндіргенімен, Алматы облысында тіркеуде тұрған болатын.