Басқосуда өңір басшысы қала әкімдігінің жұмысын қатаң сыңға алды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесуде шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп секторы, құрылыс салаларында өсім байқалады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш. Қала әкімі мемлекеттік бағдарламалар аясында қабылданған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 16,9 млрд. теңгеге 389 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде 179 учаскедегі жұмыс толығымен аяқталды. Мердігерлер жергілікті өндірушілерді қолдап, олардың құрылыс материалдарын пайдаланып отыр», - деді А.Қарабалаев.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу кестесіне бақылаудың жоқтығын айтып, қала әкімдігінің әрекетін сынға алды.
Айталық, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жаңа жұмыс орындарын құру жоспары 54,1 пайызға орындалған. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көрсеткіші 47,2 пайызды, әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша көрсеткіш 34,8 пайызды құрайды.
«Жұмыс орындарын ашуға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, қаражат бөлінуде. Тараз қаласы әкімдігінің басшылығына барлық ведомстволардың жұмысын үйлестіру қажет еді. Енді жоспардың орындалмағанын айтпағанның өзінде, атқарылған жұмыстың сапасы да сын көтермейді», - деді Бердібек Сапарбаев.
Қала бойынша жалпы ұзындығы 36 388 метр науаларды, 400 метр кәріз құбырларын ауыстыру жоспарланған болатын. Науаларды алмастыру жұмыстарының тек 44,5 пайызы ғана аяқталған, ал кәріз құбырларын жаңалау жұмысы әлі басталмағаны белгілі болды. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс еді. Сондай-ақ, 61 аулада абаттандыру жұмыстары аяқталған, 93 аулада жалғасуда. Алайда 9 аулада бұл жұмыстар әлі қолға алынбаған.
Бердібек Сапарбаев кемшіліктерді реттеу бойынша нақты мерзімдерді белгілеп берді. Сондай-ақ қоқыс шығарумен байланысты мәселелерді шешуді тапсырды.
Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, қалада қоқыс шығару қызметін 8 компания атқарады. Олардың балансында 52 техника бар. Егер өткен жылы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС 27жаңа көлік сатып алған болса, биыл тағы 4 машина сатып алған. Соған қарамастан, техника тапшылығы әлі бар.
«Егер ол компаниялар өздерін техникамен қамтамасыз етіп, қалыпты жұмыс жүргізе алмаса, онда басқа компанияларға осы бизнесті жүргізуге мүмкіндік беріңіздер. Күн сайын қаладағы қоқысқа қатысты тұрғындардан шағымдар түсіп жатыр. Шынын айтсам, қалалықтардың алдында маған ұят. Облыс орталығында мұндай мәселе болмауы керек. Қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары таңертеңнен кешке дейін тазалық пен тәртіпті жеке өзі қадағалап отыруы тиіс. Қоқыс мәселесін толығымен шешу үшін тура бір ай уақыт беремін. Біз бұл тақырыпқа енді оралмайтын болайық. Олай болмаған жағдайда, оған жауапты адамдардың жеке жауапкершілігі қаралатын болады», - деп ескертті Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы тараздықтардың жыл сайын жүргізілетін қаладағы құрылыс жұмыстарынан жалыққанын айтып: «Алдымен жылу желілерін жөндеу үшін, содан кейін кәріз құбырларын ауыстыру үшін жолдарды қазасыздар. Бұл жұмыстарды қатар жасауға болмай ма? Мұндай әдісті біржола доғару керек. Келесі жылы барлық жұмыстар бір уақытта жүргізілуі үшін нақты жоспар әзірлеңіздер. Естеріңізде болсын, биылғыдай ыстық су уақытылы берілуі тиіс. Келесі жазда ыстық суды бүкіл маусым бойы өшіруді ойға да алмаңыздар. Біз бұл тәжірибені енді ешқашан қолданбаймыз», - деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында Тараз қаласының басшылығына облыс орталығындағы бейнекамералардың жеткіліксіз екендігі ескертілді. «Қауіпсіз қала» жобасы әлі де талқылануда. Қысқа мерзімде терроризмге қарсы комиссия құру, діни радикализмнің алдын алуды күшейту жүктелді.
Сондай-ақ, азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді уақтылы қамтамасыз етуді, тартылатын инвестициялар көлемін ұлғайтуды, бизнесін кеңейтуді қалайтын кәсіпкерлерді қолдауды және коронавирус пандемиясының екінші толқынына тыңғылықты дайындалуды тапсырды.
«Кабинетте отырып алып, бәрі біткен соң әрекет етесіздер. Құрғақ сөздерден арылып, нақты нәтижелерге жұмыс істеу керек»,- деп сөзін аяқтады Бердібек Сапарбаев.