Өмірбек Әлімов 1941 жылдың 22 маусымында Тарбағатай ауданы Жаңалық елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Әлім 1944 жылы сүзек ауыруынан қайтыс болып, апайлары Ләззат, Замаш үшеулерін киын заманда сауыншы болып істеген шешесі «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» асырап өсірді. Өмірбек шаңырақтағы ер бала болғандықтан ферманың бұзауын бағып, еңбекке ерте араласты.
«1957 жылы Абай орта мектебінде 8-ші сыныпты бітірген кезім. Анамыздың денсаулығы нашарлап кетіп, орта мектепті аяқтауға жағдай келмеді. Оқуды тастап, жұмысқа кірісіп кеттім», - деп еске алды ақсақал.
Осылайша, 16 жастағы бозбала отбасын асырау үшін түрлі жұмыста тер төккен. 1963 жылы шофер мамандығын алып, аудандық ауруханада жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып орналасқан. Ал 1972 жылдан бастап Ақжар ауылындағы №5 автобуспен жолаушы тасыды. Бұл жұмыста зейнеткерлікке дейін еңбек етті.
Құдай қосқан алғашқы қосағы Нұрғайша екеуі Әлия, Мәрзия, Жаңыл, Серік, Қанат, Асхат есімді ұл-қыздарды дүниеге әкелді. Нұрғайша 1980 жылы өмірден озды.
«Уақыт бәріне емші. Қазіргі жарым Рысгүл де 25 жасында 3 қызын құшақтап жолдасынан айырылған. Тағдырдың жазуымен 1982 жылы екеуіміз қосылып, отбасын құрдық», - дейді Өмірбек Әлімов.
Екеуі 9 баланы бір үйдің баласындай өсіріп, тәрбиеледі. Соңынан тағы 3 перзентті дүниеге әкелді. Рысгүл 1950 жылы Қытай Халық Республикасындағы Дүрбілжің ауданында туған. Ол ұзақ жыл Тарбағатай аудандық оқу бөлімінде есепші қызметін атқарып, сол жерден зейнетке шықты. «Күміс алқа» иегері. Бос уақытында құрақ құрап, тігін тіккенді жақсы көреді. Кенже қыздары Алуа анасының жолын жалғап, ұлттық киім тігумен айналысады. Өзінің жеке бутигін де ашқан.
Өмірбек ақсақал мен Рысгүл әже бұл күнде 12 баладан 28 немере, 18 шөберенің қызығын көріп отыр. Ортаншы қыздары Жаңыл сырқаттанып қалып, дүниеден өткен. Бірақ 3 баласынан 6 немере сүйгізді. Балалары түгелдей жоғары білімді. Зарлық есімді ортаншы қыздары білім саласының үздігі, «Жанашыл ұстаз» төсбелгісімен марапатталған. ҚР Алтын кітабына да енген.
Кенже ұлдары Берік Алимов еркін күрестен әлем чемпионы. Қазір бапкер болып, жастарды спортқа баулып жүр. Б.Сайханов атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істейді. Былтыр Италия астанасы Римде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 55 келі салмақта өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанған Дарын Әскербек оның шәкірті. Сол үшін Берік Әлімов елімізде «2022 жылдың Үздік жаттықтырушысы» атанған.
Ал Аяжан есімді қыздары Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Өскемен қалалық пробация қызметінде аға инспектор болып еңбек етеді. Бүгінде әділет капитаны. Осы салада жүргеніне 15 жылдан асқан. Ата-анасынан жақсы тәрбие алып, өз өмірін ішкі істер органдарына арнаған Аяжан бүгінде екі ұл өсіріп отыр.
«Мен өз отбасыммен мақтанамын. Бірлігіміз жарасып, бір-бірімізге демеу болып өстік. Өзім 10-шы баламын. Қазір әрқайсымыз өмірлік жолымызды тауып, бөлек шықсақ та үнемі байланыстамыз. Ауылдағы қарашаңырақты сағынып, еңбек демалысында құстай ұшып жетеміз. Әке-шешеміз бізге қандай жағдай болмасын ешкімнің ала жібін аттамауға, адамдарға қолымыздан келгенше көмектесіп жүруге үйретті. Себебі жасаған жақсылығың да, жамандығың да міндетті түрде өзіңе қайтып келеді», - дейді Аяжан Әлімова.
Оның айтуынша, өзіндік игілікті дәстүрлерді берік ұстанып, бір-бірін қадірлей білу, айтқанына құлақ асу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – әр отбасын бақытты ететін ең негізгі қасиеттер.
«Осы күнге жеткізген Жаратқанға әрдайым шүкір дейміз. Қазір немере-шөберелеріме де ақыл айтып, дұрыс жолға салуға тырысамын. Олардың осындай тыныш заманда өмір сүріп жатқанына қуанамын. Біздің балалық шақ сұрапыл соғыс енді аяқталған қиын-қыстау уақытта өтті. Енді ондайды Құдай басқа бермесін. Барша қазақстандықтарды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Үйлеріңізде тек қуаныш, бақыт, мереке болсын. Еліміз өркендеп, жастарымыз биіктерді бағындыра берсін!», - дейді Өмірбек ақсақал.