Берік Имашев ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының өкілдерімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Уршула Гацекпен және миссия өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ОСК баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы биылғы 10 сәуір мен 9 маусым аралығындағы сайлау органдары науқанының барлық кезеңдері мен іс-әрекеттері туралы айтты.

Кездесуде кезектен тыс президент сайлауына дайындық жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары және науқанның негізгі кезеңдері: ұсыну, тіркеу, сайлау алдындағы үгіт, сондай-ақ дауыс беру күні мәселелері қаралды.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының өкілдері 2017-2018 жылдары енгізілген сайлау заңнамасындағы негізгі өзгерістер, соның ішінде сайлау алдындағы үгіт жүргізуге, сайлау науқанын қаржыландыруға қатысты жаңа ережелер жөнінде хабардар болды.

Кездесуге ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері де қатысты.