Берік Имашев президенттікке үміткерлерді ұсыну мерзіміне қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев «Сайлау туралы» ҚР Заңының президенттікке кандидаттарды ұсыну мерзіміне қатысты нормасының қате түсіндірілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституциялық заңда «Президенттікке кандидаттарды ұсыну сайлау жария етілген күннен кейінгі күннен басталып, сайлауға екі ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-00-де аяқталатыны» атап өтілген.

«Шынымен де, баспасөз беттерінен байқап қалдық. Бұл арандатушылық па немесе заңды жете білмеу ме - түсіне алмай отырмын. Заңның кезекті сайлауға қатысты бабына пікір білдірілген. Сол үшін бүгін арнайы айтып отырмын - кезектен тыс сайлау болған кезде күнтізбелік мерзімді Орталық сайлау комиссиясы бекітеді», - деді Берік Имашев ОСК отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталатынын мәлім еткен болатын.