Берік Имашев сайлау кезінде азаматтық қоғамдық сектордың кемшіліктерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет мемлекеттердегі сайлауда халықаралық байқаушылар ретінде ҮЕҰ әлеуеті пайдаланылмай келеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта еліміздің азаматтық қоғамдық секторы электоральдық науқандар кезеңінде сарапшылық-құқықтық және ақпараттық-насихаттық қолдауда аз көрінеді. Сондай-ақ шет мемлекеттердегі сайлауда халықаралық байқаушылар ретінде үкіметтік емес ұйымдардың мықты әлеуеті толықтай пайдаланылмайды», - деп атап өтті Б. Имашев ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен  Қоғамдық даму министрлігінің бірлескен отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, 2017-2018 жылдары өткен сайлауларды байқау бойынша ТМД миссияларында 212 қазақстандық байқаушы болған. Екі сайлау науқанында (Ресейде және Әзербайжанда) саяси партиялардан небәрі 15 (7%) байқаушы тіркелді. Бұл тұрғыда «Нұр Отан» партиясының мүшелері 13 болса, Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясының мүшелері - 2.

«Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері небәрі 3 пайызды (6 адам) құрады, оның өзі Ресей сайлауында ғана», - деп нақтылады Берік Имашев.