ҚР ОСК төрағасы Берік Имашевтің төрағалығымен өткен отырысқа Сенаттың ең алғашқы төрағасы Өмірбек Байгелді, жаңадан сайланған сенаторлар, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының хатшылары, мәслихат хатшылары қатысты.
«2017 жылдың 27 маусымында ел Конституциясы мен Сайлау туралы конституциялық заңына сәйкес, ҚР Парламенті Сенатының 16 депутаты сайланды. Аймақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен барлық қажетті шараларды күнтізбелік жоспарға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткізді. Жалпы сайлау науқанында 89 кандидат ұсынылып, оның 38-інің аты жөні сайлау бюллетеніне енгізілді. Республика бойынша сайлаушылардың келуі 98,5 процентті құрады. Айта кетерлігі, алғаш рет сайлауда сайлаушыларды электронды тіркеу жүргізілді», - деді отырысты ашқан Берік Имашев.
Оның айтуынша, жаңадан сайланған сенаторлардың өңірлік деңгейде басшылық лауазымда мол тәжірибелері бар, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жете таныс.
Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының «2017 жылғы 28 маусымда ҚР Парламенті Сенатына сайланған депутаттарды тіркеу туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жаңадан сайланған сенаторлар Әділбеков Дәурен Зекенұлына, Жұмағазиев Мұхтар Сабырұлына, Қылышбаев Нұрлан Наурызұлына, Дүйсембаев Ғұмар Ислямұлына, Төреғалиев Нариманға, Нұрәлиев Әбдәлі Тоқбергенұлына, Әбдікеров Рысқалиға, Нұрғалиев Жеңіс Мирасұлына, Бақтиярұлы Мұратқа, Шелпеков Бақтыбай Ақбердіұлына, Құртаев Әлімжан Сейітжанұлына, Нұрсипатов Нұржан Нұрланбекұлына, Сұлтанов Ерік Хамзаұлына, Мусин Дүйсенғазы Мағауияұлына, Мамытбеков Еділ Құламқадырұлына және Нүкетаева Динар Жүсіпәліқызына депутаттық куәлік пен белгілерді табыс етті.
Отырыс соңында Берік Имашев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар табыс етті.