Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 25 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің, Жарма ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Жарма ауданының әкімі лауазымына Берік Терлікбаев тағайындалды.
Айта кетейік, бұл — жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы үшінші аудан әкімінің тағайындауы.
— Жарма ауданы — Қалба тауының сілемінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан қасиетті де құтты мекен. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар, стратегиялық маңызы жоғары аудандардың бірі. Жарма ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мәселелері біздің тұрақты назарымызда. Өңір экономикасын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында нақты жұмыс жасауымыз қажет. Бұл жұмыстардың бәрін жүйелі жолға қойып, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы және лайықты жүзеге асыру аса маңызды жұмыс екені сөзсіз. Берік Серікқанұлын өздеріңіз жақсы білесіздер. Тәжірибесі жеткілікті. Биылғы 12 мамырдан бастап аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды. Осы кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жақсы танысып, өзінің тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Жарма ауданы жұртшылығымен бірлесе отырып, осы ауданның одан әрі дамуына, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін, — деді Берік Уәли.
Берік Серікқанұлы Үржар ауданының Қарақол ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын жұмысшы болып бастап, кейін кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларында еңбек етті. Аягөз ауданында экономика, салық, статистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттарында жауапты қызметтер атқарды. Көп жыл бойы статистика саласында басшылық қызметтерде еңбек етті. Шығыс Қазақстан облысы бойынша статистика басқармасы басшысының орынбасары, Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, кейін Абай облысы бойынша департаментінің басшысы болды. 2026 жылғы 12 мамырдан бастап Жарма ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.