Германиямен арадағы «ауқымды құрылыс»: Президент Тоқаев белгілеген жаңа белес

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары аяқталды. Екі күнге созылған сапарда сан саладағы әріптестік талқыланып, 2 млрд долларлық 30 құжатқа қол қойылды. Kazinform тілшісі жаңа келісімдер қос тарапқа қандай мүмкіндік беретінін және Қазақстанға неміс технологиясын әкелу жайын талдады.

Фото: Ақорда

Инвестор ынталы бағыт

Ресми сапарды ретімен баяндайық. Германияға табан тіреген Мемлекет басшысы алдымен бизнес өкілдерімен кездесті. Онда инвесторларға қызықты салаларды атап, бірнеше бағытта жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаев немістің банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімге, шағын және орта бизнестің орнықтылығына тәнті екенін білдірді. Қазақстан барлық салада инвесторларды қабылдап, озық технологияны елге әкелуге мүдделі екенін жеткізді. Мұндай қадамға мемлекеттің халықаралық несие рейтингіндегі BBB деңгейі мүмкіндік бермек.

Экономист Динара Мамырбекова Президенттің Германиядағы бизнес өкілдерін елге шақыруға құлшынысының себебін түсіндірді.

– Германия – технологиясы, өндірістік мәдениеті және инновациялық әлеуеті жоғары мемлекет. Сондықтан неміс инвестициясын өнеркәсіп, машина жасау, агроөнеркәсіп, энергетика, цифрландыру және «жасыл» технологиялар секілді бағыттарға тарту маңызды. Сондықтан бизнес саласындағы ынтымақтастық Қазақстанға тек капитал емес, жаңа технологияны, басқару тәжірибесін, заманауи өндіріс стандарттары мен білікті кадрларды береді. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың халықаралық өндірістік тізбекке қосылуына жол ашылады, – дейді сарапшы.

Қазір Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард доллар болса, биыл 7 айда 2,6 миллиард доллардан асты. Алдағы уақытта алыс-берістің ауқымын үлкейту міндеті тұр. Осы мақсатта CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde компанияларымен тұрақты байланыс орнатылған. Енді нарыққа жаңа инвесторлар келуі қажет.

Фото: Ақорда

Сонымен неміс инвесторлары қай салаға келуі мүмкін? Германия ықылас танытатын бағыт көп, әйткенмен соның ішінде аса маңызды минералдар, көлік-логистика, цифрландырудың салмағы жоғары. Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» – Alatau City құрылысына да неміс компаниялары атсалысуы ықтимал.

– Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз, – деді Президент.

Саясаттанушы Рүстем Мұстафиннің айтуынша, Еуропа елдері үшін орта державалардың салмағы артып келеді. Қазақстан да сол қатарда екенін ескерсек, Германияның ынтымақтастық танытуының себебі осында жатыр.

– 2023 жылы Германия өз тарихында тұңғыш рет Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қабылдады. Онда шикізат пен энергия жеткізушіге тәуелділік тікелей қауіпсіздік мәселесі деп көрсетілген. Сол жылы Қытайға қатысты байланыстарды үзбестен тәуелділікті азайтуға бағытталған стратегия пайда болды. Оған қоса екі жыл бұрын Еуропалық Одақ аса қажетті шикізат туралы регламентті қабылдады, яғни олар өнеркәсіп пен қорғаныс саласына аса маңызды 34 пайдалы қазба мен материалды жариялады, – дейді Рүстем Мұстафин.

Расында, Қазақстан Еуропа мұқтаж минералдарды бере алады. Бізде Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізаттың 21-і бар. Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолын да ұсына аламыз.

Қазақ мұнайы Германияға қалай жетеді?

Қазақстан Еуропалық Одаққа импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын, табиғи уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді. Былтыр Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асқан.

Айта кетерлігі, Германия 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап құбыр арқылы келетін Ресей мұнайын импорттауды тоқтатты. Қазір Берлин мен Германияның шығысын жанармаймен қамтамасыз ететін Шведт қаласындағы зауытқа ресейлік мұнайдың орнын басатын, сапасы ұқсас шикізат қажет. Мұндай бәсекеде Қазақстанның «қара алтыны» ең оңтайлы шешім болмақ.

– 2023 жылы біздің мұнай «Достық» құбыры арқылы Шведтке алғаш рет жөнелтілді. Ал 2024 жылы Германия канцлері Олаф Шольц 14 жылдан кейін Қазақстанға келіп, құны 55 миллиард доллар болатын 66 бірлескен жобаны таныстырғанын білеміз. Сол кезде Германияға мұнай жеткізу туралы келісімшарт ұзартылып, базалық көлем жылына 1 миллионнан 1,4 миллион тоннаға дейін ұлғайтылды, – деп толықтырды Рүстем Мұстафин.

Фото: Ақорда

Германияға мұнай көлемін арттыруға Қазақстанның әлеуеті жеткенімен, әлі жете ме? Бұл сұрақ басы ашық күйде қалып отыр. Өйткені транзит мәселесі бар. Ел мұнайы Шведтке жетуі үшін Ресей, Беларусь, Польша арқылы тасымалданады. Саясаттанушы Рүстем Мұстафиннің сөзінше, қазір Қазақстан шикізатын тасымалдауда кедергі жоқ емес.

– Өзге мемлекеттер арқылы өтетін құбырларда жиі ақау болады. Мысалы, 2024 жылдың көктемінде Польша аумағындағы құбырдың есептеу құралынан дау шығып, кідіріс пайда болды. Ал биыл көктемдегі жағдай әлдеқайда тіпті күрделенді. 22 сәуірде техникалық мүмкіндіктерге байланысты 1 мамырдан бастап «Достық» құбыры арқылы Германияға мұнайымыз мүлдем жөнелтілмейтіні мәлім болды. Сол сәтте жеткізілім жылына 2,1 миллион тоннаға жеткен еді. Сондықтан Шведт зауытына басқа порттар арқылы жеткізу жолын іздедік, – деп түсіндірді спикер.

Еуропаға тасымалданатын шикізат Каспий құбыр консорциумының құбыр желісі арқылы Новороссийскідегі терминалына жетуі тиіс. Осы терминалға жасалған әрбір әуе шабуылы экономикамызға айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Мәселен, 2025-2026 жылдары құбыр мен танкерлерге жасалған соққының салдарынан Еуропа 3,8 миллион тонна қазақ мұнайын толық ала алмай қалды.

Төте жол: Орта дәліз дамиды

Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сондықтан көлік-логистика саласына жаңа инвесторлар тарту аса өзекті болып отыр. Осы ретте Президент неміс компанияларын көлік-логистика, әсіресе әуе жүк тасымалын дамытуға шақырды әрі бұған дейін уағдаласқан келісімдерді соңына жеткізуге бейіл.

Мысалы, Deutsche Bahn, DB Engineering&Consulting компаниялары жолаушылар мен жүк тасымалын ілгерілетуге атсалыспақ. Оған қоса DB Cargo Eurasia компаниясымен контейнермен жүк тасымалдау саласын дамыту бойынша әріптестік орнатылды.

Фото: Kazinform / Canva

Осыдан екі жыл бұрын Брюссельде өткен инвестициялық форумда қаржы институттары Орта дәлізді дамыту үшін 10 миллиард еуро бөлуге мүдделі екенін айтқан болатын. Ал Еуропалық Одақ Қазақстанмен арадағы 12 миллиард еуро көлеміндегі коммерциялық келісімнің 3 миллиард еуросын көлік саласына бағыттамақ.

– Бүгінде қазақ-неміс байланысының басты құжаты – 2026–2028 жылдарға арналған жол қартасы. Ол өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықты нықтайды. Құжаттағы келісімдер ішінара орындалуы мүмкін және Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалы арта береді, – дейді сарапшы Рүстем Мұстафин.

Made in Germany қазақ брендіне қалай әсер етеді?

Сыртқы саяси зерттеулер институтының бас сарапшысы Валерий Ситенконың пайымдауынша, бұл жолғы келіссөздерде бірлескен экономикалық келісім басымдыққа ие. Соның дәлелі – 2 млрд доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа қол қойылуы. Әртүрлі неміс фирмаларымен көлік, қаржы, металл өңдеу және тамақ өнеркәсібі секілді алуан түрлі салаларда келісім жасалған.

– Екі ел арасында 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық дамудың жол картасы бар. Айтпақшы, бұған биыл Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының 16-шы отырысы кезінде қол қойылған болатын.

Жол картасы аясында бірлескен өндірісті ұйымдастыру, соның ішінде маңызды шикізатты өңдеуге және Қазақстанда «Германияда жасалған» (Made in Germany) брендін қолдануға екпін жасау көзделіп отыр, яғни біздің өніміміз неміс сапасымен шығарылатын болады. Бұл – таяуда жүзеге асатын бағдар, – деген ойда Валерий Ситенко.

Фото: Акорда

Оның сөзінше, Германия Қазақстандағы энергия ресурсына, маңызды шикізатқа, көлік коммуникациясына мүдделі. Сапар кезінде бірлескен өндірісті дамыту жайының көп айтылуына осы фактор себеп болған.

Бірлескен өнеркәсіп үшін кооперация, білім алмасу, инновациялық платформалар керек. Сондықтан Қазақстан тарапы екі елге ортақ қаржы платформасын құруды ұсынды. Онда инвестициялық-қаржылық ынтымақтастық мәселелері талқыланып, үйлестірілетін болады.

Бұл мақсатта жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация көмек бермек. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құрған тәжірибемізді ескерсек, мұндай қадам тез нәтиже беретін сыңайлы.

– Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынамыз. Оны озық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланыстыруға болады, яғни әрбір ірі инвестициялық жоба кадр даярлайтын алаң болуға тиіс деген қарапайым қағидатқа сүйенген жөн. Сонда ғана капитал білімге, ал білім орнықты экономикалық өсімге ұласады, – деді Президент.

Валерий Ситенко өндірістік құзыреттер орталығы экономика моделін өзгертеді деген пікірде. Демек, еліміз дайын шикізат пен табиғи ресурсты жай ғана жеткізуге емес, өңделген өнімді шығарушыға айналатын болады.

Астананың Берлинге ұсынысы мұнымен шектелмейді. Біздің тарап қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құру жобасын сөз етті. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырады. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдауға көмектеспек.

Нақты затты құрылысқа бағытталған жобалар

2022 жылдың ЕО мен Қазақстан шикізат, батареялар және «жасыл» сутегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Содан бері энергетика саласында едәуір ілгерілеу байқалады. Мысалы, Svevind Energy Group неміс-швед компаниясы «жасыл» сутегі өндіруге қатысты жобаны сәтті жүзеге асырып келеді. Олардың Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіретін әлемдегі ең ірі Hyrasia One мега-жобасы 40 ГВт қуатқа ие. Демек «жасыл» энергияның дамуына түрткі болатын жел және күн электр стансалары көбейеді деген белгі.

Саясаттанушы Лидия Пархомчиктің пайымдауынша, сутегі дипломатиясының келешегі мол.

– Биыл Германияның Астанадағы Сутегі дипломатиясы кеңсесі ашылды. Себебі Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Сондықтан пайдалы қазбалар, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі саласындағы ЕО-мен стратегиялық әріптестік маңызды. Жаңа офис түрлі саладағы жобаларға бастамашы болады деп сенемін, – дейді Лидия Пархомчик.

Фото: Ақорда

Тағы бір жаңалық Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы хабын құруға ниеттеніп отыр. Қазір тұжырымдама жобасы дайын. Сала министрі Нұржан Нұржігітов құжатты Берлинге ала барған. Сапар барысында су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін German Water Partnership (GWP) неміс қауымдастығына ұсынылыпты.

Былтыр қазан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен GWP су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын. Енді жаңа жоба жүзеге асса, екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары су саласын жетілдіруге атсалысуы мүмкін.

Берлин Alatau City құрылысына қатыса ма?

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын келешегі зор жасанды интеллект саласына баса назар аударды. Әсіресе, жас мамандарды даярлауды бірлесіп жүзеге асыру керек деген пайымда. Ол үшін технологияға әуес жастар неміс компаниялары мен зерттеушілерімен байланыста болуы шарт. Сондықтан Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынды.

Астана цифрлық технология саласында «ақылды қалаға» арқа сүйеп отыр. Әсіресе Alatau City-дің болашағынан үміт көп. Сондықтан Германияда Alatau City Authority өкілдері Myron AG (Santa Capital), Rhenus, D.A.R. Metall AG, Wilo және Siemens Healthineers компанияларымен келіссөз өткізді. Аталған компаниялар жаңа шаһардағы логистика, қалдықтарды қайта өңдеу, инженерлік және медициналық инфрақұрылым, өндірісті оқшаулау және цифрлық қаржы салаларында жұмыс істеуі мүмкін.

Фото: Ақорда

Бұған дейін Германияның компаниялары әр салада қарқынды құрылыс жүргізгенін білеміз. Соның бірнешеуін атап өтейік.

Бастысы – Linde компаниясы. Мекеме Теміртау қаласындағы «Qarmet» зауытымен бірлесіп жаңа ауа бөлу қондырғысының құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаға шамамен 100 миллион доллар инвестиция бағытталған.

Екінші неміс компаниясы – Wilo Алматы облысында өндіріс кешенін ашып, Алатау қаласында сорғы жабдықтарына арналған өңірлік сервис және инженерлік орталық салмақшы.

Келесі кезекте Rhenus Group компаниясы Ақтау порты мен Орта дәліз бойындағы көлік-логистикалық терминалдар құрылысына инвестиция салуды көздеп отыр.

Президент Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланғанын айтып, неміс компанияларына цифрлық технологияға инвестиция салу идеясын жеткізді.

Жалпы саладағы әріптестіктің нақты тәжірибесі бар. Алматы құрылыс-техникалық колледжі ұзақ жылдан бері Германияның GROHE, KNAUF және BOSCH компанияларымен ынтымақтастық орнатып келеді. Колледж базасында заманауи құзыреттер орталықтары жұмыс істейді. KNAUF компаниясымен 20 жылдан астам уақытқа созылған жұмыс аясында екі мыңнан астам студент білім алды.

Экономист Динара Мамырбекова ЖИ бағытындағы жаңа байланысты жоғары бағалайды. Оның пікірінше, Қазақстанның цифрлық экожүйесі жекелеген жобалар деңгейінен біртұтас экономикалық инфрақұрылымға ойысқан. Қазір мемлекеттік қызметтерді, бизнесті, қаржылық операцияларды және деректерді басқаруды цифрлық ортаға біріктіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2026 жылы қабылданған Digital Qazaqstan стратегиясы жасанды интеллектіні экономикаға кеңінен енгізуге бағытталған.

– Осы тұрғыдан алғанда, Германиямен серіктестіктің әлеуеті өте жоғары. Қазақстанның цифрлық платформалары, финтех шешімдері мен деректер инфрақұрылымы немістің инженерлік технологияларымен, өнеркәсіптік автоматтандыру және AI саласындағы тәжірибесімен ұштасса, цифрландырудың келесі кезеңіне аяқ басамыз. Келіссөздер «ақылды өндіріс» пен деректерге негізделген экономикаға көшуге мүмкіндік береді, – деп топшылады сарапшы.

Берлин: Саяси диалог және Қазақстанның ұстанымы

Экономикалық күн тәртібімен қатар, халықаралық күн тәртібі де сапардың негізгі құрамдас бөліктерінің біріне айналды. Есте болса, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл шілдеде Ресейге барған сапарында соғысты уақытша тоқтатуға үндеген-ді. Ондағысы тек экономикалық есеп емес, екі елдің елдесуге мүмкіндігі болсын деген тілек болатын. Германияға сапар барысында БАҚ өкілдері дәл осы мәлімдеме туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сұрақ қойды.

Президент Қазақстанның қақтығыс басталғаннан бері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын, соның ішінде барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығын құрметтеу ұстанымын қолдап келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасының маңыздылығына және тікелей диалог мүмкіндігін сақтау қажеттілігіне тоқталды.

Фото: Ақорда

Осылайша, Берлинде бір-бірімен астарлас екі маңызды мәлімдеме жасалды. Біріншісі — Қазақстан Еуропамен стратегиялық іс-қимылды жүйелі түрде дамытып келеді. Екіншісі — еуропалық байланыстарды кеңейту дербес сыртқы саяси бағыттан және басқа да ықпал ету орталықтарымен арадағы сындарлы қарым-қатынастан бас тартуды білдірмейді.

Дәл осы әртүрлі серіктеспен диалогті сақтай білу қабілеті Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымының маңызды элементі болып қала береді. Бұл ұстаным Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесу қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен декларацияда да көрініс тапқан.

Достық деңгейі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары тек іскерлік нышанда өткен жоқ. Жылы пейіл, ескі достық көңілді де байқадық. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер екеуі сыртқы істер министрліктерін басқарған кезден жақсы таныс. Бүгінде 20 жылға жалғасқан өзара құрмет түгесілмей, президенттік лауазымда қайта қауышып отыр.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ескі досын «Алтын Қыран» орденімен марапаттау сәтінде естеліктер айтып, Франк-Вальтер Штайнмайер достық қарым-қатынастың үлгісін көрсетті. Мұның бәрі қазақ-неміс қарым-қатынасының хаттама шеңберінде емес, адами қағидаттар негізінде қалыптасқанын білдірсе керек.

Президент сапары Германияның өндірістік-экономикалық орталығы саналатын Баварияда қорытындыланды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Баварияның премьер-министрі Маркус Зёдермен және бизнес өкілдерімен кездескен. Жүздесу барысында Siemens AG компаниясы – деректерді өңдеу орталығының, Linde компаниясы – ауа бөлу қондырғысының жобасын Мемлекет басшысына таныстырды.

Фото: Ақорда

Қорыта айтсақ, кейінгі жылдары Астана мен Берлиннің байланысы тек сауда-экономикалық ынтымақтастықпен шектелмей, саяси және стратегиялық деңгейінде де дамып келеді. Президентің Германияға сапары осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарғаны анық. Ендігі нәтиже келісімдердің орындалуымен өлшенбек.