Басылымның мәліметінше, жарияланған файлдардың арасында аса құпия ақпарат та бар. Барлығы 1 439 893 файл сыртқа шыққан. Берлин билігі мен саясаткерлері әзірге жағдайға қатысты нақты түсініктеме берген жоқ.
— Жарияланған құжаттардың арасында «AG CBRN-Rahmenplanung» деп аталатын папка да бар. CBRN қысқартуы химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерлерді білдіреді. Яғни төтенше жағдайлардың ықтимал сценарийлеріне қатысты аса құпия мәліметтер енді ашыққа шығуы мүмкін. Бұл ақпарат террористер мен шетелдік барлау қызметтерінің қолына түсуі ықтимал, — деп жазады Euronews.
Зерттеуші журналист Ларс Винкельсдорф X әлеуметтік желісінде бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, кибершабуылдың ауқымы мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін деңгейге жеткен.
— Берлин жерінің қылмыстық полиция басқармасының (LKA) тергеу материалдарымен қатар, ел қорғанысын қамтамасыз етуге арналған жоспарлар да бар. Тіпті «ақырзаман» жағдайында федералдық үкімет пайдаланатын құпия байланыс арналары туралы мәліметтер де кездеседі, — деді ол.
Көптеген адамның жеке деректері де сыртқа шыққан. Олардың басым бөлігі Берлин жерінің мемлекеттік органдарында жұмыс істейтін қызметкерлерге тиесілі. Жарияланған мәліметтердің арасында туу туралы куәліктер, болжам бойынша, қызметкерлердің жұмысқа келмеген күндері көрсетілген табельдер, телефон нөмірлері мен үй мекенжайлары бар.
Бұған дейін бопсалаушылар өз сайтында деректерді жариялайтынын айтып қорқытып, 30 биткоин, яғни шамамен екі миллион еуро талап еткен еді. Талапты орындауға берілген уақытты көрсету үшін олар кері санақ қосқан. Оның мерзімі жұма күні шамамен сағат 15:35–те аяқталды. Берлин сенаты мерзім аяқталмай тұрып-ақ мұндай талаптарға көнбейтінін мәлімдеді.
Кері санақ аяқталғаннан кейін көп ұзамай ауқымды деректер жиынтығы даркнетке жарияланды. Хакерлік топ мүшелері әлеуметтік желілерде файл атауларының тізімін де тарата бастады. Бұл кибершабуыл мен одан кейінгі ақпараттың сыртқа таралу ауқымын аңғартады.
Бұған дейін Лихтенштейнде хакерлер мемлекеттік тізілімге кибершабуыл жасап, онда сақталған құпия деректерді ұрлағаны хабарланған еді.