Берлин маңында арыстан көзге түскен, полиция аңды таба алмай әлек
Берлиннен оңтүстік-батысқа қарай орналасқан сулы да нулы ауыл тұрғындары қаншырды (арыстанның ұрғашысы) өз көздерімен көрген. Жергілікті екі тұрғын жыртқыш аңның кішірек жануарды, болжам бойынша қабанды қуып бара жатқанына куә болады. Осындай хабар алған Бранденбург аймағының полициясы дабыл қағып, жабайы аңды іздеуге кіріседі және тұрғындарды үйден шықпауға шақырды.
Іздеу операциясына жедел қызметтің жүзге жуық қызметкері тартылған, оларға екі күзетші мен ветеринар көмектеседі. Тікұшақ, дрон мен жылу сезгіш камералар пайдаланылып жатыр.
Ал, билік орындарының хабарлауынша, немістің бірде-бір цирк, хайуанаттар бағы немесе жануарларға арналған тұрағында қаншыр жоғалғаны туралы ақпарат болмаған.
Дегенмен, аңның ағаштар арасында жүргенін түсіріп алғандар да бар.